11 мамыр 2021 жылы  Түркістан қаласындағы құрылғылармен және озық технологиямен жабдықталған заманауи «Farab Library» кітапханасында  «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапхана Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет қорынан Түркістан қаласының тарихына байланысты сирек кітаптар мен қолжазбалардан тұратын жылжымалы кітап көрмесі ұсынылды. Көрмеге 12 қолжазба және 58 сирек кітаптар қойылды.  Көрермендер назарына ұсынылған бұл кітаптар ішінен сирек қордағы ежелгі Құран қолжазбаларын, Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің қолжазбалық және баспалық нұсқаларын, Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің қолжазбаларын, «Шахнама» кітабын, «Қиссас әл-Әнбия» қолжазбасын, Түркістан өлкесінің тарихына қатысты В.В. Бартольд, В. Вощинин, В.В. Верещагин және т.б ғалымдардың орыс тілінде жарық көрген сирек кітаптары мен басқа да сирек басылымдарды ерекше атап өтуге болады.

«Farab Library» кітапханасында 480 мың кітапқа арналған кітап сақтау орны, цифрландыру, консервациялау және реставрациялау зертханасы, 400 адамға арналған дәріс залы, көрме атриумы, FabLab цифрлы шеберханасы,  музыкалық зертхана, фото және видеотүсірілімге арналған  мультимедиа залы, 3D модель жасайтын проекция залы, каллиграфия және қыш өнері студиясы, конференция өткізуге лайықталған залы бар коворкинг, компьютер сыныбы, сирек кітаптар мен манускриптер залы орналасқан.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев Түркістан қаласына  сапары барысында аталмыш  кітапханадағы роботтандырылған техника зертханасының жұмысымен танысты, сондай-ақ сирек кітаптар мен манускриптер бөлімін көрді.

Жылжымалы көрмені ұйымдастыруға  «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапхана Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет қорының қызметкері Нурмухамбетова Д. және Сирек кездесетін кітаптар музейінің қызметкері Абдраханов Д. қатысты.