Өмірзақ Айтбайұлы – қазақ терминологиясы және аударма теориясы саласы бойынша іргелі еңбектер жазған ғалым, еліміздің ғылым мен мәдени өміріндегі белгілі тұлға.

Қазақстан Реcпубликасы ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы Өмірзақ Айтбайұлы 1936 жылы 5 сәуірде Түркістан облысы, Отырар ауданы, Балтакөл ауылында дүниеге келген. Ө.Айтбайұлы ұлы бабаларымыз Арыстанбаб, Ахмет Ясауи, әл-Фараби дүниеге келген қасиетті Түркістан даласында өсіп, ер жетті. Әкесі Айтбай Белгібайұлы атақты ақын болған екен. Айтбай ақын баласын өнерге баулып, жастайынан жанына ертіп, ән-күй тыңдатып өсірді. ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Р.Сыздық естелігінде:«Егер қазір біз Өмірзақтан отбасынан бастап жан жолдастарына дейін, қатардағы қызметтестерінен бастап әріптес сыйластарына дейін – баршасын өз тұтып құрметтеп тұратын, ешкімге ауыр сөз айтпайтын, ешкіммен ашу-араздыққа бармайтын, біреудің алдын кесіп, ала жібін аттамайтын азаматты көріп жүрсек, ол осы ана сүтімен, әке тәрбиесімен дарыған, туа біткен адамдық қасиетінен болар…» деп ғалымның бойындағы ізгі қасиеттердің отбасынан бастау алатынын атап кеткен.

1954 жылы Ө.Айтбайұлы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түседі. Ол 3-курстан бастап университеттегі студенттердің лингвистикалық үйірмесінің жетекшісі болып, ғылыми, қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Шора Сарыбаев, Сапарғали Омарбеков сияқты ғалымдармен жақсы араласып, диалектологиялық экспедицияларға шығады. Студенттік жылдардың өзінде Семей жеріндегі тұрғындардың тіліндегі жергілікті ерекшеліктерді жинайды.

5-курс студенті бола жүріп 1959 жылы Ө.Айтбайұлы Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің редакциясына қызметке орналасады. Мұнда үш жыл жұмыс істеп, 1962 жылы ҚазКСР ҒА Тіл білімі институтына кіші ғылыми қызметкер болып ауысады. Институт қабырғасында М.Балақаев, І.Кеңесбаев, Ғ.Мұсабаев, Ә.Қайдар, Р.Сыздық, т.б. белгілі тіл мамандарынан тәлім алып, кеңестерін тыңдады. Жас зерттеушінің біліктілігі білімді ортаға келіп қосылған тұста шыңдала түседі. Ол қазақ тіл білімінің бір саласы болған аударма мәселесімен айналысып, ғылыми ортада таныла бастады. 1971 жылы «М.Горький фразеологизмдерінің қазақ тілінде берілу жолдары» деген тақырып бойынша кандидаттық диссертациясын қорғап шығады.

Ғалымның одан кейінгі зерттеген мәселесі терминология саласы болды. Бұл ретте ол ғылыми конференцияларға қатысып, баяндамалар жасап, монографиялары жарық көрді. 1988 жылы шыққан «Қазақ терминологиясының қалыптасуы мен дамуы» монографиясы қазақ тіл білімінде тұңғыш рет қазақ терминологиясының дамуы мен қалыптасуы зерттелген еңбек болды. 1992 жылы «Қоғамдық ғылымдар бойынша терминологиялық лексиканың қалыптасуы мен дамуы» атты тақырыпта докторлық диссертация қорғады. Мұнда А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының мазмұнды да бай мұрасы тілдік тұрғыдан талданды. «Қазақ әдебиеті тарихында ұлы Абайдың орны қандай болса, қазақ тіл білімі мен мәдениеті тарихында Ахмет Байтұрсыновтың орны сондай…» деп А.Байтұрсынұлын қазақ тіл біліміндегі ойып алар орны туралы Өмірзақ Айтбайұлы баса айта кетеді. 1997 жылы жарық көрген «Қазақ сөзі» атты зерттеу жұмысы терминология саласын терең зерттеуге арналды, мұның барлығы зерттеушінің терминология саласының қыр-сырын жете зерттегендігін көрсетеді.

1978 жылдан бастап Өмірзақ Айтбайұлы Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі, жауапты хатшысы, жиырма жылға жуық Тіл білімі институтының Терминология және аударма теориясы бөлімінің меңгерушісі болды. Бұл кезде терминологиялық картотека базасы – 500 мыңға жуық картотекалық қордың негізі жасалды. Бұл түркі әлемінде тұңғыш жасалған термин сөздердің ең бай қоры ретінде қолданысқа енді. Картотекалық қор ғылымның бес саласы бойынша жасалды: қоғамдық ғылымдар, биология, физика-математика ғылымдары, жер туралы ғылым және техника ғылымдары. Өмірзақ Айтбайұлы осы қорды жасаушылардың бірі, жауапты редакторы болды.

Ғалым қазақ терминологиясы, аударма саласы сияқты қазақ тіл білімінің түйінді мәселелеріне қатысты жан-жақты зерттеулер жүргізіп, ғылыми мақалалар жариялап, халықаралық конференцияларда баяндамалар жасады.

Ө.Айтбайұлы ғылыми-зерттеу жұмысы, ғылымды ұйымдастырумен қатар қазақ тілінің тағдырына қатысты қоғамдық іске де белсене араласты. 1989 жылы құрылған «Қазақ тілі» қоғамының президенті Ә.Қайдар, вице-президенті Ө.Айтбайұлы болып сайланды. Тіл жанашырлары бұл ұйымның міндеттері ретінде ана тіліміздің қоғам өмірінің барлық саласына еніп, қызмет етуіне жағдай жасау; қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі саласын күшейту және т.б. өзекті мәселелерді алға қойды.

«Қаншама қарымды қадамдар жасалғанымен, қайран тіліміздің қадамы ұзара алмай-ақ, қанаты жазыла алмай-ақ келеді. Өрелі әрекеттер өріссіз ықыласқа килігеді де, еркін тыныстай алмай, орта жолда оқтығы шығып, дөңгелегі қисайып қалған көне арбадай шиқылдап, шаң қуып келе жатқан жайы бар. Қисайғанды түзетейік, сынғанды салдырайық дегендей, нақты әрекетке барар ағайынның саны жылдан жылға азаймаса көбейер түрі жоқ» деп қазақ тілінің жағдайы туралы ашына сыр шертеді. «Тағдырың неткен қиын еді, қайран тіл!», «Мемлекеттік тілге кімнің жаны ашиды?», «Мені неге қазақша сөйлетпеді?», «Тіл күресі тоқталмайды» және т.б. қазақ тілінің мүшкіл жағдайы, тіліміздің қолданыс аясының тарылуы жөнінде бірқатар мақалалар жариялады. Осындай сан түрлі кедергілерлерге қарамастан, Ө.Айтбайұлы ана тіліміздің дамуына белсенді ат салысып, қызмет етті.

1998 жылы ҚР Орталық сайлау комиссиясының жанында құрылған Лингвистикалық комиссияның мүшесі ретінде президенттікке үміткерлерден мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесін анықтау мақсатымен өткізілетін емтихандарға қатысты.

Өмірзақ Айтбайұлының еңбегі жоғары бағаланып, 1994 жылы ҚР ҰҒА-ның мүше-корреспонденті, 2003 жылы ҚР ҰҒА академигі болып сайланды. 1998 жылы президент жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталды.

Ана тіліміздің жанашыры Ө.Айтбайұлының «Қазақпын деп сезіне білген әрбір азаматтың алдында ұлт тұтастығы мен ел бірлігінің жауынгері ретінде атқарар ісі ұшан-теңіз. Ендеше елің үшін, жерің үшін, тілің үшін күш-қайратың мен білік-біліміңді жұмсап қал, жас ұрпақ! Бұдан асқан парыз бар ма, тәйірі!» деген үндеуі күні бүгінге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ. Небір сынақтарға ұшырап жүрген ұлттық тіліміздің мәртебесін көтеру, қолдану аясын кеңейту әрбір қазақ азаматының міндеті болып отыр.

Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Айтбайұлы Ө. Ғылым мен өнер өлкесінде. – Астана, 2008. – 120 б.
  2. Айтбайұлы Ө. Ана тіл, ана сүтім, арым менің… (мақалалар жинағы). – А., 2007. – 304 б.
  3. Айтбайұлы Ө. Ділғұмырлар мен тілтұғырлар. – Түркістан, 2008. – 404 б.

 

Қазақстан ғылымының тарихы музейінің ғылыми қызметкері Даулбаева А.К.