Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы бола отырып, өзінің көпғасырлық тарихында қайталанбас тұлғасы мен бай тарихын сақтап қалды және бұған ғажайып өлкенің көптеген археологиялық мұралары дәлел бола алады. Ежелгі Түркістан үлкен гүлдену кезеңін де, күйреу кезеңін де бастан өткерді. Ал қазіргі таңда өзінің жаңғырған шағын қайта бастан кешіріп, өз ұлылығына қайта ұласуда. Түркістан қаласының жаңа мәртебеге йе болуы біздің заманымыздың шындығы және Қазақстан үшін де, барлық түркітілдес елдер үшін де маңызы жоғары оқиға. Даму тұрғысынан алып қарайтын болсақ, Түркістанның экономикалық және мәдени дамуын тереңдету аса маңызды әрі перспективалы жоба болып табылады. Бұл даму жобасы аясында, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шүкеев, форматы бойынша қайталанбас, «Farab library» кітапханасы атты – бірегей ақпарат алу, жобаларды іске асыру және ғылыми зерттеулер жүргізу жұмыстарын жоғары деңгейде атқаруға мүмкіндік ашатын ерекше толыққанды кешеннің тұсаукесерін өткізді.

«Farab library» кітапханасының ашылу салтанаты аясында Орталық ғылыми кітапхана қызметкерлері тарапынан «Ғылым ордасы» РМК Орталық ғылыми кітапханасының Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорының көшпелі көрмесі ұсынылды. Көрмеге 12 қолжазба және 58 сирек кітаптар қойылды.  Көрермендер назарына ұсынылған бұл кітаптар ішінен сирек қордағы ежелгі Құран жинақтарын, Қожа Ахмет Яссауи хикметтерінің қолжазбалық және баспалық нұсқаларын, Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің қолжазбаларын, Түркістан өлкесінің тарихына қатысты сирек кітаптар мен басқа да сирек басылымдарды ерекше атап өтуге болады.

«Фараби» кітапханасында өткен сирек кітаптар мен қолжазбалар экспозициясы аясында, Түркология ғылыми зерттеу институты және Қ.А. Яссауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Яссауи Орталығының ғалымдарымен сараптамалық кездесу өткізілді.

Ғалымдар экспозицияда ұсынылған «Диуани Хикмет», «Шахнама» және Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы қолжазбалары және басқа да шығармалармен жіті танысты.  Пікірталас аясында Ахмет Яссауидің шығармалары және Яссауи шығармаларындағы тәрбиелік кескіндемелер бойынша бірлескен зерттеулер жүргізу туралы келісімге қол жеткізіліп, болашақта түркі әлемінің көрнекті ғалымы тұлғасын дәріптеу, оның түркі халықтары мен жалпы әлемдік өркениет тарихындағы бірегей мұрасының, сондай-ақ сол замандарда қалыптасқан мәдени және діни үдерістердің орны мен рөлін анықтау жұмыстарын жүзеге асыру шешімі қабылданды.

«Керуен-Сарай» тарихи-мәдени орталығын насихаттау және дәріптеу мақсатында Түркістан облысының әкімдігі отандық БАҚ өкілдері, блогерлер мен волонтерлер үшін баспасөз турын ұйымдастырды. Осы іс-шара аясында «Ғылым ордасы» РМК қызметкерлері БАҚ өкілдеріне уақытша экспозиция бойынша шолу экскурсиясын өткізді.

«Farab library» кітапханасының ашылу салтанаты барысында «Түркістанға 3000 жыл» атты дөңгелек үстел де ұйымдастырылып, жиынға қатысушы археолог-ғалымдар ежелгі Түркістан урбанизациясының өте терең тарихы бар екендігін атап өтті. Атап айтқанда, академик Бауыржан Байтанаев Түркістанның шынайы жасы жүргізілген стратиграфиялық жұмыстан кейін белгілі болғанын алға тартып, бұл жұмыс нәтижесінде ежелгі қаланың шамамен 3000 жылдық тарихы барын дәлелдейтін талассыз артефактілер мен жерлеу орындары табылғанын айтты.