Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл – қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес. Тарих тұрғысынан алғанда, отыз жыл – көзді ашып жұмғандай қас-қағым сәт. Дегенмен бұл көптеген халықтар үшін қиындығы мен қуанышы, дағдарысы мен дамуы алмасқан тұтас дәуір деуге болады. Біз де осындай жолдан өтіп келеміз.

Бағдар мен белес

Азаттығымыздың айшықты белесіне шыққанда əрбір саналы азаматты «Отыз жылда біз қандай жетістіктерге жеттік?», «Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз?», «Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз?» деген сауалдар толғандырары анық. Осы тұрғыдан алғанда, бұл – арман-мақсаттарымызды тоғыстырып, болашаққа тың серпінмен қадам басу үшін өткенге тағы бір мəрте оралатын, жетістіктеріміз бен кемшіліктерімізді ой елегінен өткізетін маңызды мезет.

Тəуелсіздіктің отыз жылын шартты түрде үш онжылдық белеске бөліп қарастыруға болады. Оның əрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр.

Мен азаттықтың алғашқы онжылдығын жаңа Қазақстанның іргетасын қалау кезеңі деп атар едім. Осы уақытта Елбасының басшылығымен мемлекетіміздің нышандары белгіленіп, билік жүйесі қалыптасты. Ұлттық валютамыз айналымға енді. Қарулы Күштеріміз құрылды. Ата заңымыз қабылданды. Шетелдермен дипло матиялық қатынас орнатылды. Еліміз беделді халықаралық ұйымдарға мүше болды.

«Қазақстан – 2030» стратегиясын қабылдадық. Шығыстағы көршімізбен шекарамызды бекіттік. Басқа да іргелес мемлекеттермен шекара жөніндегі келіссөздер қарқынды жүргізіле бастады. Ел аумағын ядролық қарудан толық тазарттық. Елордамызды Арқа төсіне көшірдік. Нарықтық экономикаға өтіп, жекеменшік институтын берік орнықтырдық. Отандық бизнестің негізін қаладық.

Жастар əлемнің маңдайалды оқу орындарында білім ала бастады. Түрлі дағдарыстардан аман өтуге мүмкіндік берген Ұлттық қорымыз құрылды. Дүние жүзіне тарыдай шашылған қазақ баласын атажұртқа шақырып, Ұлы көшке жол аштық. Соның нəтижесінде ел еңсесі тіктеліп, ұлттық рухымыз көтерілді.

Екінші онжылдық – Қазақ елінің керегесін кеңейту кезеңі. Осы жыл дарда мемлекетіміздің тұғыры нығайып, экономикалық əлеуетіміз арта түсті. Құрлықтағы барлық шекарамызды айқындап, заң жүзінде бекіттік. «Мəдени мұра» бағдарламасын жүзеге асырып, тари хымызды түгендедік. Солтүстік Аралды құтқарып, қашқан теңізді қайтардық. Əлемдік жəне дəстүрлі діндер көш басшыларының съездерін, Еуропадағы қауіп сіздік жəне ынтымақтастық ұйымының, Азиядағы өзара іс-қимыл жəне сенім шаралары кеңесінің саммиттерін өткізуге жəне басқа да бірқатар маңызды халықаралық жобаларға бастамашы болдық. Елімізге шетелден қомақты инвестиция тарттық. Есілдің жағасында бой көтерген еңселі елордамыз ұлттық идеямызға айналды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дəлізі сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар қолға алынды. Тұрғын-үй құрылысы да бұрынсоңды болмаған қарқынмен дамыды.

Үшінші онжылдықта шаңырағымыз биіктеп, өсіп-өркендеп, мерейлі мемлекетке айналдық. Шекара мəселесін біржола шештік. «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдап, озық дамыған отыз елдің қатарына қосылуды межеледік. Əр бағыт бойынша «Үдемелі индустриялықинновациялық даму», «Нұрлы жол», «100 нақты қадам» сияқты ауқымды бағдарламалар жүзеге асырылды. Саяси жəне экономикалық реформалармен қатар рухани жаңғыруға баса мəн бердік.

Осынау толағай табыстардың бəріне Елбасының дара көшбасшылығының һəм халқымыздың даналығы мен парасатының, бірлігі мен ынты мағының, отандастарымыздың қажырлы еңбегінің арқасында қол жеткіздік. Сондықтан Елбасы Тəуелсіздігіміздің мəңгі символына айналды десек, ақиқатты айтқан болар едік.

Алдағы төртінші онжылдықтың бізге жүктейтін міндеті – қуатты елдің иесі жəне кемел халық болу. Бұл жолда саяси-экономикалық реформаларды жəне сананы жаңғырту үдері сін жалғастырып, заман талабына бейімделген ұлттың жаңа болмысын қалыптас тыруымыз қажет.

Біз əділетті қоғам мен тиімді мемлекет құруды көздеп отырмыз. Кез келген істе əділдік қағида тын басшылыққа алсақ, бұған анық қол жеткіземіз. Мысалы, тұрғын дардың тұрмысын жақсарта түспесек, еліміздің жетістіктері мен халықаралық табыстарын мақтан ету артық. Азаматта рымыз экономикалық өсімнің игілігін сезіне алмаса, одан еш қайыр жоқ. Мен əрбір шешімді қабылдар сəтте осы ұстанымды басшылыққа аламын. Біз ха лықтың əлеуметтік жағдайын жақсартумен қатар, барлық азаматтардың мүддесін бірдей қорғаймыз. Менің ұғымымдағы əділетті мемлекет дегеніміз – осы.

Тарихқа көз жүгіртсек, əр буын белгілі бір сынақты басынан өткереді. Біздің бабаларымыз «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны», аталарымыз алапат ашаршылықты, қуғынсүргінді, дүниежүзілік соғысты көрді.

Тоталитарлық кезеңде ұлттық құндылықтарымыздан, тілімізден, діліміз бен дінімізден айырылып қала жаздадық. Оның бəрі Тəуелсіздіктің арқасында халқымызға қайта оралды. Бірақ ұлт пен ел ретінде сақталып қалу үшін бүгінгі жəне болашақ ұрпақ жаңа сын-қатерлерге дайын болуы керек.

Қазіргі пандемия жəне соның салдарынан туындаған дағдарыс бүкіл əлемнің бұрын болмаған жаңа сынақтармен бетпе-бет келіп отырғанын анық көрсетті. Экономикалық, əлеуметтік, экологиялық, биологиялық жəне басқа да қатер лерге қоса, жер жүзі не жағымсыз идеологиялық вирустар да жайылып келеді. Жаһандану кезін де ел жат жұрттың ықпалына бейса налы түрде ілесіп кеткенін аңғармайды. Басқаша айтқанда, мəжбүрліктен емес, санасының улануы арқылы өз еркімен торға түседі. Сондықтан жаңа заманның жақсы-жаманын ек шеп, артықшылықтарын бойға сіңі ру мен қатар, тамырымызды берік сақтауымыз қажет. Ұлттық бол мысымыз дан, төл мəдениетіміз бен салтдəс түрімізден ажырап қалмау – барлық өркениеттер мидай араласқан аласапыранда жұтылып кетпеудің бір ден бір кепілі.

Таным мен тағылым

Бүгінде Тəуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті Тəуелсіздікті ешбір дəлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орнық қанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тəуелсіздік құндылығы жады на біржола шегеленіп, мəңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек.

Бостандық бізге оңайлықпен келген жоқ. Ата-бабаларымыз азаттық жолында арпалысты. Талай зұлмат замандар мен нəубеттерді бастан өткерді. Осының бəрі халықтың есінде сақталып, ұрпақтан ұрпаққа берілуге тиіс.

Кезінде «Мəдени мұра» бағдар ламасы ұлт шежіресін түгендеуге жол ашты. Отандық тарих ғылымы тың серпінмен дамып, түрлі бағыттар бойын ша көптеген зерттеу жүргізілді. Бұрын бəймəлім болған қаншама тарихи деректер, археологиялық қазыналар табылды. Тарихымыз сан мың жылдан тамыр тартатынын айғақтайтын жаңалықтар ашылды. Елбасының осындай іргелі бастамалары халқымыздың тарихи санасын жаңғыртуға зор үлес қосты. Бағдарлама аясындағы еңбектер том-том болып жарыққа шықты. Дегенмен сол қажырлы еңбектің жемісін көпшілік көріп отыр ма? Зерттеу жобаларының біразы ғылыми институттар мен орталықтардың аясында ғана қалып қойған жоқ па?

Мұндай іргелі ізденістердің нəтижесі тек осы сала мамандарының игілігіне ғана айналуы орынсыз. Оны қалың жұртшылыққа түсінікті жəне қолжетімді ету қажет. Өйткені тарихшылардың ғана емес, барша жұрттың, əсіресе жас ұрпақтың тарихи санасы айқын əрі берік болуға тиіс. Бұл ретте, ауқымды көрмелермен немесе басқа да үлкен жобалармен əуестенбей, балаларға, жастарға арналған қарапайым əрі қабылдауға жеңіл туындыларға баса мəн берген жөн. Мысалы, деректі жəне көркем фильмдерді алайық. Осы бағытта «Алмас қылыш», «Жаужүрек мың бала», «Томирис», «Кейкі батыр», «Тар заман» сияқты тарихи фильмдер түсірілді. Бірақ бұл əлі жеткіліксіз.

Мен құзырлы органдар мен отандық телеарналарға мемлекеттік тапсырыстың белгілі бір бөлігін міндетті түрде тарихи тақырыптарға бағыттауды тапсырамын. Əрине, қаржы мəселесі шешілуі керек. Дегенмен көп қаражат жұмсамай да жоғары деңгейдегі өнер туындысын түсіруге болатынын қырғыз бауырларымыз «Құрманжан датқа» фильмі арқылы анық көрсетті.

Бүгінде əлемдік киноиндустрияда тарих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары. Американың да, Еуропаның да айтулы оқиғалары туралы фильмдер өте көп. Қазір Netfl iх, HBO жəне басқа да алпауыт кинокомпаниялар Азияға бет бұруда. Осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Мысалы, əлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын орда тарихы да йын тұрған жоқ па?! Бұл мəселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн.

Көркем жəне деректі тарихи туындыларда мемлекеттілік жəне мемле кетшілдік идеясы əрдайым көрініс табуы қажет. Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тəуелсіздік идеяларын халық арасында дəріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды.

Тəуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға жəне бүкіл əлемге паш етуіміз керек. Сонымен бірге, осы тақырыпты зерттеп жүрген ғалымдар мен жазушылардың да еңбегі қолдауға ие болуы жəне баға лануы қажет. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс.

Миллиондаған адамды қазаға ұшыратып, тірі қалғанын жан сауғалап босып кетуге мəжбүр еткен алапат ашаршылықтың алғашқы кезеңі – 1921- 1922 жылдардағы нəубеттен бері 100 жыл өтті. Сол зұлматтың кесірінен қырылып қалмағанда, халқымыздың саны қазіргіден əлденеше есе көп болар еді.

Тарихымыздың осы ақтаңдақ беттері əлі күнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Тіпті ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер жəне оның себепсалдары жайлы əртүрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мəліметтерді аса мұқият зерделеу керек.

Білікті мамандар жүйелі зерттеумен айналысып, соған сəйкес ашаршылық мəселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн. Біз бұл күрделі мəселеге ұстамдылықпен жəне жауапкершілікпен қарауымыз қажет. Жалпы, тарихи зерттеулерді ұраншылдық пен даңғазасыз, таза ғылыми ұстаныммен жүргізген дұрыс.

Биыл əйгілі Желтоқсан оқиғасына 35 жыл толады. 1986 жылы өрімдей ұл-қыздарымыз Кеңес Одағының қаһарынан қаймықпай, ұлт намысы үшін алаңға шықты. Осы күннен соң тура бес жыл өткенде Тəуелсіздігімізді жариялауымыздың символдық мəні зор. Бұл орайда, азаттықтың алғашқы қарлығаштары – Желтоқсан қаһармандарының азаматтық ерлігі лайықты бағасын алып, жоспарлы түрде насихатталуы керек.

Біз жыл соңына дейін жаңа тарихымыздағы бірнеше айтулы оқиғаның мерейлі белесін атап өтеміз. 1991 жылы Семей полигоны жабылды. Оның еліміз ғана емес, барша адамзаттың болашағы үшін айрықша маңызды шешім екенін ескеріп, арнайы іс-шара өткізу қажет деп санаймын. Елбасы қол қойған Жарлықтың арқасында Қазақстан бүкіл дүние жүзіне ядролық қару-жараққа қарсы əлемдік қозғалыстың көшбасшысы болып танылды, алып мемлекеттердің сеніміне ие болды, халықаралық қоғамдастықта жауапкершілігі жоғары ел ретінде мойындалды.

«Өткен күннен алыс жоқ, келер күннен жақын жоқ» дейді халқымыз. Кешегі өткен хандар мен қағандардың дəуірі ғана емес, соңғы отыз жылдағы жасампаздық жолымыз да бүгінде тарихқа айналып, күн сайын алыстап барады. Азаттық таңын өз көзімен көрген алдыңғы буын болмаса, кейінгі жастар өткен ғасырдың 90-жылдарындағы тарихи оқиғалардың тереңіне бойлап, мəнін жете түсіне бермейді. Тəуелсіздікке тағдырдың бере салған сыйы ретінде қарайды. Шын мəніндегі ахуал олай емес.

Елбасы сол кездегі саяси, экономикалық, əлеуметтік, демографиялық жəне басқа да жағдайларға байланысты жеті рет емес, жетпіс рет өлшеп, бір рет кесуге мəжбүр болды. Біз тығырықтан шығар жолдың саңылауы да көрінбейтін қиын күндерден қақтығыс пен қантөгіске ұрынбай аман шығып, ешкімге есемізді жібермей, жаңа сипаттағы Қазақ мемлекетін құрдық. Бүгінгі жəне болашақ ұрпақ мұны əрдайым біліп отыруы керек. Сол үшін Қазақстанның жаңа тарихын да жүйелі зерттеген жөн.

Шынына келсек, Тəуелсіздік жылдарында бірнеше рет қолға алынғанына қарамастан, ұлттық мүддемізге сай келетін көп томдық жаңа тарихымыз əлі толық жазылған жоқ. Оның тұжырымдамасын бұған дейінгі олқылықтарды ескере отырып қайта қарап, жаңа ғылыми ұстанымдар мен жаңалықтардың негізінде тыңнан жазатын уақыт əлдеқашан келді.

Барлық оқулықтар осындай іргелі еңбекке негізделіп əзірленеді. Бұл – ұлт шежіресін дəріптеу тұрғысынан алғанда стратегиялық маңызы бар мəселе. Сондықтан Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазуды дереу бастау керек. Түптеп келгенде, тарихи сананы жаңғырту мəселесінің түйіні – осы. Бұл іске беделді тарихшыларымызды тарту қажет.

Сонымен қатар, шетел аудиториясына арналған Қазақстанның қысқаша тарихын жазып, əлемнің негізгі тілдеріне аударуды ұсынамын. Бұл – қазақтың сан ғасырлық шынайы тарихын əлемге танытудың бірден-бір жолы.

Əрбір халық өзінің арғы-бергі тарихын өзі жазуға тиіс. Бөтен идеологияның жетегімен жүруге болмайды. Ұлттық мүдде тұрғысынан жазылған шежіре ұрпақтың санасын оятып, ұлттың жадын жаңғыртуға мүмкіндік береді.

Қоғам мен құндылық

Егемендігіміздің мəңгілік үштағаны – Алтайдан Атырауға, Алатаудан Арқаға дейін кең көсілген байтақ жеріміз, ананың ақ сүтімен бойымызға дарыған қастерлі тіліміз жəне барлық қиындықтан халқымызды сүріндірмей алып келе жатқан береке-бірлігіміз. Біз осы үш құндылықты көздің қарашығындай сақтаймыз.

Бабалардан мұра болған қасиетті жеріміз – ең басты байлығымыз. Қазаққа осынау ұлан-ғайыр аумақты сырттан ешкім сыйға тартқан жоқ. Бүгінгі тарихымыз 1991 жылмен немесе 1936 жылмен өлшенбейді. Халқымыз Қазақ хандығы кезінде де, одан арғы Алтын Орда, Түрік қағанаты, Ғұн, Сақ дəуірінде де осы жерде өмір сүрген, өсіп-өнген. Қысқаша айтқанда, ұлттық тарихымыздың терең тамырлары көне заманның өзегінде жатыр. Жалпы, тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек.

Шекара сызығын ресми түрде халықаралық шартпен бекітіп, оны əлем жұртының мойындауы соңғы бірнеше ғасырда үрдіске айналды. Оған дейін қазіргідей делимитация, демаркация деген ұғымдар болмаған.

Біз шекара мəселесін шешумен нақты айналысып жатқан кезде кейбір саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері «біз бұған асықпайық», «кейін де келісуге болады» деп арқаны кеңге салғысы келгені есімізде. Келіссөздерді табандылықпен жүргізіп, іргемізді дереу қымтап алғанымыз өте дұрыс болғанын уақыттың өзі дəлелдеп берді. Қазір кім не айтса да, біздің екіжақты келісімдермен бекітіліп, халықаралық деңгейде танылған шекарамыз бар. Енді оған ешкім дауласа алмайды.

Аумақтық тұтастығымызға күмəн келтіріп, тату көршілік қатынастарға сына қаққысы келетін кейбір шетел аза маттарының арандатушылық іс-əрекеттеріне ресми жəне қоғамдық деңгей де тойтарыс бере отырып, ағар тушы лық жұмыстарын ұстамдылықпен жүр гізген жөн. Біз ұлттық мүддені аспен де, таспен де қорғауға дайын болуы мыз қажеттігін тағы да баса айтқым келеді.

Жоғарыда айтқанымдай, шекарамыз толығымен шегенделді. 2018 жылы Каспий теңізінің құқықтық мəртебесі туралы конвенцияға қол қойылғаннан кейін құрлықтағы ғана емес, теңіздегі шекарамыз да біржола айқындалып, түпкілікті шешілді.

Қазақстан – біртұтас мемлекет. Еліміз оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс деп бөлінбейді. Бұл – тек бағытты білдіретін шартты атаулар. 2018 жылы Елбасының Жарлығымен Оңтүстік Қазақстан облысына Түркістан атауы берілді. Тарихи əділдікті қалпына келтірген орынды шешімді халық бірауыздан қолдап, өте жылы қабылдады. Өйткені мұндағы шежірелі шаһар ғана емес, тұтас өңір көне замандардан бері Түркістан деп аталған. Осы игі үрдісті еліміз бойынша жалғастыруға болады. Біз мұндай қадамдарды байыппен жасаймыз.

Жерге байланысты бəріміз айқын білетін жəне бұлжымайтын ақиқат – қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды. Осыны əр азаматымыз санасына берік сіңіруі қажет. Келесі жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты енгізілген мораторийдің мерзімі аяқталады. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді айналымға енгізіп, халықтың игілігіне жарату – өте маңызды мəселе. Сондықтан биыл Жер мəселесі жөніндегі комиссияны құрып, соның аясында бір байламға келген жөн.

Қазақ үшін тоқымдай жердің өзі қымбат, бір уыс топырақтың өзі алтын. Бірақ біз соны бағалай білеміз бе?! Жер қадірін білу жалаң ұранмен өлшенбейді. Өкінішке қарай, асқар тауларымыз бен айдын көлдерімізді, ұлан-ғайыр даламызды ластап жатқан да өз азаматтарымыз. Көкжайлауға от жағып, қоқыс шашып кеткен де, Көбейтұздың батпағын шелектеп тасып, көлдің ортасында көлікпен ойқастаған да солар. Бір тұтам мүйізі үшін көзін мөлдіретіп киіктерді қырған да өзгелер емес. Қасиетті жеріміздің киесінен қорықпай, жат жұрттың да қолы бармас əрекеттерді жасап отырып, қалайша осы мекеннің иесіміз деп кеуде соға аламыз? Бұл – ащы да болса, шындық. Біз жеріміздің шын жанашыр иесі екенімізді нақты іспен көрсетуге тиіспіз. Ол көшеге қоқыс тастамау, көрінген жерге от жақпау сияқты қарапайым нəрселерден бастап, жалпыхалықтық сипаттағы ауқымды экологиялық шаралар арқылы көрініс табуы қажет.

Мұның бəрі тəлім-тəрбиеден басталады. Ата-анасымен бірге ауласына ағаш екпеген, үлкендердің жанжануарға мейірімін көрмеген, кіш кентайынан табиғатты аялауға дағды ланбаған бала өскенде туған жеріне жаны ашымайды. Мəселе экологияда емес – отаншылдықта, заңда емес – санада.

Елі мен жерін сүю үшін жас ұрпақ байтақ Қазақстанның ғажайып жауһарларын білуге тиіс. Батыста Бозжыра мен Шерқала, күнгейде Ақсу-Жабағылы мен Сайрам-Өгем, Жетісуда Хан Тəңірі мен Шарын, Көлсай мен Қайыңды, Қапал-Арасан, Алтынемел мен Бұрхан бұлақ, шығыста Мұзтау мен Шыңғыстау, Марқакөл мен Рахман қайнары, Арқада Бурабай мен Баянауыл, Ұлытау мен Қарқаралы, теріскейде Имантау мен Айыртау жəне басқа да көрікті жерлеріміз жетіп артылады. Жер жəннатын алыстан іздеудің қажеті жоқ. Бəрі өзімізде бар. Жастарға осындай керемет табиғатымызды танытып, оны қадірлеуге баулуымыз керек.

Уақыт ұттырмай қолға алып, дəйекті түрде іске асыратын тағы бір шаруа бар. Халықтың қалалық жерлерге жаппай көшуі салдарынан көптеген ауылда, əсіресе, шекара маңындағы елді мекендерде тұрғындар саны күрт азайды. Біз еңбек күші көп оңтүстік өңір тұрғындарының солтүстік жəне шығыс аймақтарға қоныстануына қолайлы жағдай жасап, осы жұмысты назарда ұстаймыз. Бұл – өте өзекті əрі еліміздің қауіпсіздігіне қатысты мəселе. Бұған қоса соңғы жылдарда түрлі себептерге байланысты бəсеңдеп қалған қандастар көшін барынша қолдап, оларды жоғарыда айтылған өңірлерге орналастыруды жандандырамыз.

Бұл екі мəселенің де стратегиялық маңызы бар. Оған кезекті науқан ретінде қарауға болмайды. Жергілікті билік мұндай жұмыстарды жоғарыға көпірген ақпар беру үшін емес, мемлекеттік мүдде жəне ағайынға шынайы жанашырлық тұрғысынан жасауға тиіс.

Еліміздің басты нышандарының бірі – мемлекеттік тіл. Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі екені Ата Заңымызда 90-жылдардағы күрделі кезеңнің өзінде нақты жазылған. Біз тəуелсіздік дəуірінде ана тілімізді дамыту үшін барлық жағдайды жасадық. Осы аралықта қазақ тілінде білім беретін мектептер мен оқу орындарының, балабақшалардың саны еселеп көбейді.

Бүгінде мемлекеттік тілді білетін қазақтың да, өзге этнос өкілдерінің де үлесі едəуір артты. Қазақ тілін, шын мəнінде, бүкіл халқымызды біріктіруші факторға айналдырудың барлық құқықтық тəсілдері жəне кепілдіктері қалыптасты. Мəселе – ниетте. Ниеттің дұрыс болуы қазақ тілін меңгергісі келетін адамдарға да, осы мақсатқа жетуге жағдай жасайтын Үкіметке де байланысты.

Тіл игеру үшін балалар əдебиетінің атқаратын рөлі зор. Сондықтан, қазақ қаламгерлерінің үздік шығармаларына қоса, балаларға арналған шетел жазушыларының да таңдаулы туындыларын аударып, көптеп басып шығаруды жəне таратуды қолға алған жөн. Оған сұраныс жоғары.

Мемлекеттік тілді білу – Қазақста нның əрбір азаматының парызы. Міндеті деп те айтуға болады. Осы орайда мен барша қазақстандықтарға, оның ішінде қазақ тілін əлі жете меңгермеген отандастарыма үндеу тастағым келеді. Жастар ағылшын тілін немесе басқа да тілдерді аз ғана уақытта меңгере алатынын көріп отырмыз. Тұтас буын алмасқан осы жылдарда қазақ тілін үйренгісі келген адам оны əлдеқашан біліп шығар еді. Халқымызда «Ештен кеш жақсы» деген сөз бар. Ең бастысы, ынта болуы керек.

Ана тілімізді кеңінен қолдану – басқа тілдерге, əсіресе орыс тіліне шектеу қойылады деген сөз емес. Барша этнос өкілдерінің ана тілін, салт-дəстүрін дамытуға мүмкіндік жасала береді. Жастарымыз бірнеше тіл білу өздерінің көкжиегін кеңейтіп, көкірек көзін оятатынын жете түсінгені абзал.

Бізді қай заманда да қиындықтардан аман алып келе жатқан басты құдірет – ел бірлігі. Ынтымағы жарасқан жұрттың қашанда ұпайы түгел. Түрлі жағдайларға байланысты қазақ жеріне əр кезеңде əртүрлі ұлт өкілдері көптеп қоныстанды. Қазақ халқы ешкімді жат көрмей, бауырына басты. Бүгінде олардың туған жері де, Отаны да – Қазақстан. Біз көпэтностық сипатымызды артықшылығымызға айналдыра алғанымыз анық. Көптеген шетелдік сарапшылардың елімізге қатысты «Еуразиядағы шырпы тисе лап еткелі тұрған қурай», «failed state» сияқты болжамдарын жоққа шығардық. Бұл жолда тыныштық пен тұрақтылықтың бастауы болған Қазақстан халқы Ассамблеясы тиімді жұмыс атқарды. Ешкімді ұлтына қарап, бөле-жарған жоқпыз. Бəрінің өсіпөнуіне толық жағдай жасадық, бірдей мүмкіндік бердік. Біздің ұлтаралық келісім саясатымыз əлемді мойындатты. Халқымыздың осындай ырысынтымаққа негізделген жарасымын бағалай білуіміз керек. Бұл – кемел келешекке бастайтын бірден-бір дұрыс жол. Сондықтан, ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау – мемлекеттік органдардың ғана емес, бүкіл қоғамның жəне əрбір азаматтың міндеті. Түптеп келгенде, еліміздегі тұрақтылық пен береке-бірлік үшін барлығымыз бірдей жауаптымыз.

Осы орайда халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дəріптеп, ой-санаға берік орнық – тыруы мыз керек. Мысалы, Наурыз мейра мын атап өту тұжырымда масын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байы та түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйысты ратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады.

Ұлағат пен ұстаным

Соңғы кезде қазақстандықтардың ел өміріне белсенді араласуға, шешім қабылдау үдерісіне қатысуға ынтасы артып келеді. Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамам жəне Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі – осы сұранысқа тікелей жауап. Оны Ордабасыдағы, Күлтөбедегі, Ұлы таудағы ұлы жиындардың заманауи үлгісі деуге болады. Біз қазақтың қанына сің ген қасиет – келелі істі ақылдасып бірге шешу дəстүрін жалғастыра береміз.

Бұл бастамалар азаматтық қоғамды дамытуға негіз болады. Қазіргі шаралар аяқастынан мəжбүрліктен қол ға алынған жоқ. Ол – елімізді демократияландыруға, саяси жүйені жаңғыртуға бағытталған саясаттың жемісі.

Саяси реформа бір күннің немесе бір жылдың шаруасы емес. Мұны ел іргесін шайқалтпай, береке-бірлігін бұзбай, байыппен жəне біртіндеп іске асыруымыз керек. Бірақ реформаны соза беруге де болмайды. Билік халықтың алдындағы өз жауапкершілігін сезінгені жөн. Сол себепті біз ауыл жəне кент əкімдерін сайлауға көшеміз. Осы арқылы ең төменгі деңгейден бастап жергілікті өзін өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Бұл қадам өзекті мəселелерді тұрғындар мен жергілікті биліктің бірлесіп шешуі үшін қажет. Содан кейін аудан əкімдерін сайлаймыз. Жаңа жүйе өзінің тиімділігін көрсетсе, бұдан да жоғары деңгейдегі əкімдерді сайлайтын боламыз.

Бірақ саяси жаңғыру барысында асығыстыққа бой алдыруға жəне жалаң ұранға еріп, мемлекеттік жүйені дағдарысқа ұшыратуға болмайды. Бір сəтте барлығын түбірімен өзгерту неге əкеп соқтыратынын кейбір елдердің бүгінгі ахуалынан көріп отырмыз. Елімізде, ең алдымен, адамның құқығын толығымен сақтауға негізделген заң мен тəртіп болуы керек. Анархия мен жүгенсіздік жақсылыққа апармайтыны анық.

Қазақстанның саяси жүйесі заман талабына сай дамып келеді. Мəжіліс депутаттарының биылғы сайлауы – көппартиялы Парламентті орнықтыру жолындағы маңызды қадам. Бізде саяси көзқарастары əртүрлі партиялар бар. Олардың ұстанымдары консервативті, либералды, ұлтшыл, социалист жəне тағы басқа болуы мүмкін. Бұл – табиғи үдеріс. Саяси плюрализм мемлекетті эволюциялық жолмен дамытуға жəне нығайтуға мүмкіндік береді. Саяси күштер осындай əр алуан болса да, баршасын біріктіретін жəне бəріне ортақ құндылық бар. Ол – қастерлі Тəуелсіздік.

Біздің мақсатымыз – келер ұрпаққа Қазақстанды тұғыры мығым, экономикасы қуатты, рухы асқақ мемлекет ретінде табыстау жəне елдік істерді шашау шығармай лайықты жалғастыратын жасампаз ұрпақ тəрбиелеу.

ХХІ ғасыр – білім мен біліктің дəуірі. Əр адам өзін үздіксіз жетілдіріп, жаңа кəсіптерді игеріп, үнемі заман ағымына бейімделу арқылы ғана бəсекелік қабілетін арттыра алады. Білім мен технология, жоғары еңбек өнімділігі ел дамуының басты қозғаушы күші болуға тиіс. Бұл туралы ұлы Абай: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нəрселермен озбақ. Онан басқа нəрсеменен оздым ғой демектің бəрі де – ақымақтық», деген.

Тəуелсіздік жылдарында талантымен таңдай қақтырған жас өрендердің тұтас легі өсіп-жетілді. Бүкіл əлемді аузына қаратқан ғажайып дарын иелері де бар. Олар – Қазақстанның мəдени келбеті, елімізді халықаралық аренада танытып, Тəуелсіздік құндылықтарын жер жүзіне паш ететін рухани елшілеріміз, біздің айрықша күшіміз («soft power»). Осындай азаматтарға қамқор болу – мемлекеттің міндеті.

Жаһандану заманында айдай əлем алақандағыдай болып қалды. Талапты ұл-қыздарымыздың жер жүзіндегі кез келген елге барып, білім алуы қалыпты үрдіске айналды. Сонда қалып, қызмет істеп жүргендер де аз емес. Осы орайда, ел ішінде жастар шетелге кетіп жатыр деген алаңдаушылық бар. Мен жастарымыз білімін жетілдіріп, бəрібір елге оралады немесе шетелде жүріп-ақ Қазақстанның мүддесін қорғайды деп сенемін.

Халқымыз «Атың барда жер таны, желіп жүріп» дейді. Кезінде Елбасы бозбала шағында Украинаға аттанып, еңбек, білім жəне əкімшілік дағдыларына ие болды. Мен де білім қуып Мəскеуге сапар шектім, өзге мемлекеттерде жұмыс істедім. Біздің талай замандастарымыз бүгінгі жастар сияқты алыс шетелдерге бара алмаса да, Кеңес Одағының түрлі қалаларында білім алды. Бірақ басым көпшілігі тамырынан ажырап, ол жақта біржола қалып қойған жоқ. Елге келіп, еңбек етті. Сондықтан жырақта жүрген жастарымыздан айырылып қаламыз деп уайымдаудың жөні жоқ. Біздің міндетіміз – олардың бойына мемлекетшілдік рухын сіңіріп, қай жерде жүрсе де туған елдің игілігіне қызмет етуге жұмылдыру. Мысалы, əлем нің ең дамыған елдерінде өз кəсіптерін бастаған жəне алпауыт компанияларда жұмыс істеп жүрген азаматтарымыздың осындағы замандастарымен байланысын нығайтып, тəлімгерлік етуіне жағдай жасауымыз керек.

Дарынды жастардың бəрі шетелде жүрген жоқ. Ел ішінде де білікті əрі білімді өрендер жетіп-артылады. Біз оларды басшылардың жаңа буынын дайындауға барынша тартып жатырмыз. Менің бастамаммен құрылған Президенттік кадр резерві – осының айқын дəлелі. Жобаның келесі кезеңінде қоғам мүддесіне адал көшбасшыларды іріктеуге ерекше назар аударамыз. Билік органдарындағы азаматтар, ең алдымен, ұлттық мүддеге берік болуға тиіс.

«Жас келсе – іске» дейді халқымыз. Жастар – қашанда тың идеялардың қайнар көзі, оң өзгерістердің қозғаушы күші. Сондықтан өскелең ұрпақтың осындай əлеуетін дұрыс арнаға бағыттап, тиімді пайдалануымыз керек. Осы орайда Президент жанындағы Жастар кеңесінің қызметін жандандырған жөн. Оны білікті əрі білімді жастарды жұмылдыратын жүйелі жұмыс алаңына айналдырамыз. Бұдан бөлек, мен азаттық жылдарында дүниеге келген, əлі танылып үлгермеген талантты жастарды қолдау мақсатында «Тəуелсіздік ұрпақтары» атты грант тағайындауды ұсынамын.

Біз не істесек те, бəрін келер ұрпақ үшін жасаймыз. Мемлекеттік саясаттың болашақ алдындағы жауапкершілігін терең сезінеміз. Бұл ұстаным нан ешқашан айнымаймыз. Ең ғажайып ерліктер Отанға шексіз сүйіспеншіліктен туындайтыны сөзсіз. Шын отансүйгіштік дегеніміз – жалаң ұран тастау емес, еліңе, халқыңа қызмет ету.

Адам баласы дүниеге патриот болып келмейді. Ол білім мен тəрбие алып, əлеуметтік ортамен араласып, азаматтық болмысын қалыптастыру кезінде патриотқа айналады. Өзінің жеке мақсат-мүдделері қоғам игілігімен үндесіп, елінің дамуына елеулі үлес қосып жатқанын жан-жүрегімен сезінген адам нағыз бақытқа кенеледі.

Халқымыздың біртуар перзенті Əлихан Бөкейханов «Ұлтқа қызмет ету білімнен емес, мінезден» деген. Біз шынайы патриоттық сезіммен рухтанып, қасиетті Тəуелсіздігімізді одан əрі нығайта түсу үшін бірлесе жұмыс істеуіміз керек.

Барша отандастарыма, əсіресе жастарға айтарым: кең-байтақ Қазақстанды асқақ армандарың мен батыл жос парларыңды емін-еркін жүзеге асыра алатын, табысыңа марқайып, əрдайым тілеуіңді тілейтін қасиетті Отаның ретінде бағалаңдар! Мен жаңа Қазақстан патриотизмінің жасампаздық құдіретіне сенемін.

Тəуелсіз ел болу оны жариялаумен немесе мемлекеттің іргетасын қалаумен шектелмейді. Тəуелсіздік үшін нағыз күрес күнделікті еңбекпен, үздіксіз əрі дəйекті елдік саясатпен мəңгі жалғасады. Біз қуатты тəуелсіз мемлекетімізбен ғана ұлт ретінде жер бетінде сақталамыз. Осы айнымас ақиқатты берік ұстануымыз қажет. «Тəуелсіздік бəрінен қымбат!» деген бір ауыз сөз мəңгі ұранымыз болуға тиіс.

Ұлтымыздың ұлы ұстыны – қастерлі Тəуелсіздігіміз барша жұртымыздың патриоттық рухымен асқақтай берсін!

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті

 

URL: https://pdf.egemen.kz/pdfs/2021/01/05.01.2021.pdf