Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгелі бері қазақ тарихын, оны зерттеуге жаңаша көзқарастар мен ой-пікірлер қалыптасты. Соның ішінде кеңестік Қазақстан тарихын зерттеу мен зерделеуде көптеген тарих беттері ашыла бастады. Отандық тарихымызды бұрынғы кеңестік түсініктерден тазарып, оны қайта зерделеп, жаңаша талдау жүргізіліп келеді.Әсіресе соның ішінде ерекше орын алатын қазақ зиялыларының, яғни Алаш қайраткерлерінің жүргізген еңбектері қайта қаралды. Бұл мәселені ХХ ғасырдың 80-жылдардың соңында алғаш рет белгілі тарихшы ғалымдар К.Нұрпейісов, М.Қозыбаев, М.Қойгелдиев, Ә.Тәкеновтер ұлт зиялылары 1916 жылғы патша жарлығына дейін патша үкіметінің отарлауына қарсы тұрғандығы және олардың оқу-ағарту саласында атқарған қызметтерін атап өтеді [1].

Патшалық Ресей қазақ халқының жері мен оның қазба-байлығына иелік етіп қана қоймай, олар қазақтарды жайлап тілінен, дінінен, ділінен айырып рухани дүниесіне де қол сұғып отарлай бастады. Оны түсінген ұлт зиялылары ең бастысы халықтың сана-сезімі мен ұлттық мәдениетін көтере отырып, бостандыққа жетуге болатынын түсінді. Сондықтан да ұлт зиялылар қауымы ел ішінде білім кешендерін тарату, яғни оқу-ағарту саласына ерекше мән беріп, сол салада көптеген жұмыстар атқарды. Қазақ ойшылдары ғылым-білім арқылы өз халқының көзін ашып, санасы мен көңілін оятып, өздерін-өздеріне танытып, ескіліктен, езгіден арылтпақ болды. Қазақ ағартушыларына қоғамдық прогресс жолындағы күресті француз немесе орыс ағартушылары сияқты феодализмнің немесе крепостнойлық тəртіптің ыдырауы жағдайында емес, үзілмей жалғасып келе жатқан дəстүрлі қауымдық қатынас үстемдігі кезеңінде жүргізуге тура келді. Осыған байланысты олардың көзқарастарында қоғамдық прогресс идеялары түрікшілдік идеясымен қатар  Ресейлік білімнің   жетістіктері мен  ойлармен астасып жатты.

ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында патшалық Ресейдің халыққа білім беру ісі мен мектеп жүйесіндегі өзіндік ерекшеліктері Қазақстандағы халыққа білім беру ісі мен бүкіл ағарту жүйесіне едәуір өз ықпалын жасады. Оның  Қазақстандағы ерекшелігі халықтың ұлттық  бағыттағы сипатта жүргізілді. Патшалық Ресейдің ұлттық мектептер туралы 1870 жылы қабылданған «Ресейді мекендейтін бұратаналарға білім беру жөніндегі шаралар туралы» заң ұлттық мектептердегі және ұлттық шет аймақтардағы бүкіл ағарту жүйесін:

  • Әлі аз орыстанғандар үшін
  • Орыстары көп жерде тұратындар үшін
  • Жеткілікті дәрежеде орыстанғандар үшін деп 3 санатқа бөлді.Бірінші санат бойынша мектептер салынып, онда білім орыс әліпбиімен ана тілінде жүргізілді. Екінші, орыстар көп қоныстанған жерлердегі мектептерде сабақ тек орыс тілінде болды, онда орыс балаларымен қатар «бұратаналардың» балаларын да оқытты. Бұл мектептерде ана тілі тек сабақты түсіндіру барысында ғана қолданылды. Үшінші санаттағы мектептерде оқыту барысы тек орыс тілінде жүргізілді. Сөйтіп патшалық Ресей қазақ жерінде орыстандыру саясатын оқу-ағарту саласында да іс-жүзіне асырып отырды.

Қазақтарды орыстандыруға бағытталған патшалық саясаттың зор қысымына қарамастан, еліміздегі халыққа білім беру ісінің жағымды жақтары да болды. Ол жүргізіліп отырған ресми саясатқа қарамастан, қазақтар еуропалық мәдениетпен, еуропалық өркениеттің жетістіктерімен танысты. Қазақ зиялылары орыс зиялыларының ортасынан көп нәрсені қабылдады, олар тіпті негізінен орыс топырағында еуропалық негізде білім алды. Сонымен бірге олардың арасында шетелде оқығандары да болды.

Сол тұстағы алдыңғы қатарлы ұлт зиялы қауым өкілдері қазақ елін отарлық езгіден құтқаруда,  басты принцип ретінде оқу, білім және ғылым мәселелін көтеруде әрдайым  көш бастаушы болды.  Ұлт зиялыларының алға қойған  басты мақсаттарының бірі  халыққа  білім беруде, оқу-ағарту және  ғылым мәселесі еді. ХХ ғасыр басында «Қазақ» газетімен қатарлас «Айқап» журналы да Алаш қайраткерлерінің ғылыми-ағартушылық бағытындағы еңбектерін жарыққа шығарып отырды. «Қазақ» газетінде А.Байтұрсынов пен М. Дулатовтың «Алаш азаматтарына» деген мақаласында «халықтың мәдениет жолында ілгері басып, ел қатарынан қалмасына себепші болатын нәрселердің бірі: баспа сөз, яғни газет-журнал, кітап екендігі шексіз» – деп көрсетуінің астарында үлкен мән жатыр [2].

Алаш зиялылары халықтық ағарту саласында алдымен бастауыш мектептер ашып, олар қандай болу керектігі жөнінде «Қазақ» газетінде өз мақалаларын жариялап отырды. А.Байтұрсынов бұл туралы: «Оқуға керек құрал жоқ, оқыта білетін мұғалімдер аз…» деп сол кездегі оқу-ағарту ісінің жағдайына тоқталып, оқу құралы да, оны оқытатын мамандардың тапшылығын атап өтеді. Ал оқыту бағдарламасы бойынша Ахмет Байтұрсынов «…мектептің түрі біздің ойымызша мынау: бастауыш мектептер оқуы қазақ үшін бес жылдық боларға тиіс. Әуелі үш жылда балалар кілең қазақша оқу керек. Соңғы екі жылда кілең орысша оқу керек… қазақ тілінде үйретілетін нәрселер: оқу, жазу, дін, ұлт тілі, ұлт тарихы, есеп, жағрафия, шаруа кәсіп, жаратылыс жайлы… орысша оқитын екі жылында үйретілетін білім гимназияның яки реальный мектептердің төменгі кластарына кірерлік болуға тиіс» деп балаларды әрі қарай орта білім алуына бағыттап атап өтеді.Халыққа ағартушылық қызметтің үш негізгі қажеттілігін атап айтады. Ол: білімді мұғалім, оқыту құралдары және оқыту бағдарламасы. Енді осы бағытты дамыту жолында ұлт зиялыларын оқулықтар дайындауға шақырып, ғылыми-ағартушылық қызметін жүргізді [3].

Мұхамеджан Сералин 1910 жылдың аяғында ұзақ уақыт еңбектенудің нәтижесінде «Айқап» журнал шығаруға рұқсат алды. «Айқап» журналы оқу-ағарту ісі мен мәдениеттің жаршысы болды.М. Сералин мен айқаптықтардың сіңірген еңбегі мынада: жәдидшілдіктен,  ағартушлықтан алға кетті, өз идеяларында қазақ шаруаларының, еңбекші бұқараның бытырыңқы және стихиялы арман-тілектері мен ойларын көрсете білген революцияшыл демократтар деңгейіне дейін көтерілді. Қазақ ағартушылары жас буынының жарқын өкілі болған М.Сералин ағартушылықтан отаршылдық жүйені қирату, қазақ ұлттық мемлекеттігін, ұлттық білім беру жүйесін құру идеясына көшті.

1913-1918 жылдар аралығында «Қазақ» газеті апталық басылым болып шықты. Оның негізін салушылар А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Дулатов. «Қазақ» газеті өз беттерінде халық ағарту және кітап шығару мәселелеріне баса көңіл бөлді.Ұлт зиялылары «Қазақ» газеті беттерінде қазақ балаларын оқытудың әдістемелері жайлы өз ойларын жариялап отырды. А.Байтұрсынов балаларды мектептер мен медреселерде оқытудың маңыздылығын атап көрсетті. Ол өзінің қазақ және орыс мектептеріндегі оқыту проблемалары туралы ой-пікірлерін баяндай келіп, балаларды міндетті түрде екі жыл қазақ тілінде оқытуды талап етеді, «бастауыш мектептер миссионерлік саясаттан тыс болуға тиіс, яғни әрбір халықтың өз тіліне, жазуына және дініне құқығы болуға тиіс» деп санайды. Сонымен бірге ол орысша сауаттылықты да үйрену қажет екенін атап өтедіА.Байтұрсынов қазақ балаларын қазақ және орыс мектептерінде оқыту мәселелерін айта отырып, балаларды міндетті түрде екі жыл қазақша оқытуды талап етеді. Ол «…бастауыш мектептер миссионерлік саясаттан тыс болуға тиіс, яғни әрбір халықтың өз тіліне, жазуына және дініне құқығы болуға тиіс» деп есептейді[4].

Ұлт зиялылары «Қазақ» газетінің беттерінде қоғамның саяси жүйесі мәселесімен қатар, қазақ халқының ұлттық сана-сезімін оятуда ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасыр басындағы Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсаринның, А.Құнанбаевтың ағартушылық қызметтерінің дәстүрлерін жалғастыра отырып Алаш қайраткерлері   баспасөз беттерінде  рухани бағыттығы идеяларын ағартушылық қызметтерімен де байланыстырды. Мәселен, А.Байтұрсынов «…өз дербестігімізді сақтап қалу үшін біз оқу-ағартуға және жалпы мәдениетке барлық күш-жігеріміз бен амал-айламызды салып ұмтылумыз қажет» – деп өз пікірін білдірді[5]. А. Байтұрсынов ХХ ғасырдың басындағы қазақ ғылымының ғана емес, түркі ғылымында жаңашылдық негіздегі жазылған оқулықтар: «Жаңа әліпби»,  «Оқу құралы», «Тіл құралы»  атты еңбектердің авторы.

ХХ ғасыр басындағы баспасөз органдары қазақ зиялылары  қызметінің рухани бағытының дамуы мен таралуына көмектесті. Мәселен: «Айқап» журанлы мен «Қазақ» газеті қазақ халқының ұлттық  сана-сезімін оятуда орасан зор роль атқарды және олардың  ағатрушылық бағыттағы идеялары мен көзқарастары ХХ ғасыр басындағы Қазақстанның қоғамдық өмірінде елеулі орын алғандығы туралы  тәуелсіз Қазақстанның отандық зерттеушілері де айқындап берді[6].

ХХ ғасырдың бірінші ширегінде қазақ елінде оқу-ағарту саласының қалыптасуына зор үлес қосқан зиялы қауым өкілдері ғылым мен білімнің іргетасын қалады. Олар қазақ халқының тарихи-мәдени өмірінде өзіндік із қалдырған, республикада халық ағарту ісін қалыптастыруғаатсалысқан, кеңестік заңсыздықтың құрбаны болды. Көп жылдар бойы есімдері ескерілмей келген халқымыздың адал перзенттері А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Х.Досмұхамедұлы, Н.Төреқұлов т.б. ғылыми-ағартушылық мұрасының бүгінгі таңда ғылыми мәні орасан зор. Олардың шығармашылық мұралары тек тәуелсіздік алғаннан кейін халқымызға қайтарылып, осы бағытта еңбектер жазылып, кітаптар жарық көре бастады. Өйткені олардың барлығы өз жолын таңдап, адамзаттың дамуына септігін тигізген өз дәуірінің өкілі ретінде қазақ үшін аса қажетті болған тұлғалар.

Қорыта айтқанда оқу мен білімге, жалпы ағарту саласына үлес қосып келген XX ғасырдың басындағы қазақ зиялы қауым өкілдерінің алдына қойған міндеті – қазақ халқын ұлт ретінде көтеру, өз елін өзі басқаратын мемлекетету. Алаш зиялылары оқу-ағарту саласында мектеп, оқу-әдістемелік құралдар туралы зерттеу әдістерін жазып, бірін-бірі толықтырып отырған. С.Торайғыровтың өлең жолдарындағы «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды» армандаған алаш қайраткерлері өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу бір туар тұлғалары еді. Олардың бар өмірі ұлтты сүюдің, ел мүддесіне қалтықсыз қызмет етудің нағыз үлгісі болады.

РЕЗЮМЕ

В данной статьерассматривается просветительская работа и деятельность национальной интеллигенции в этой области начала ХХ века.

***

This article examines the educational work and activities of the national intelligentsia of the early XX century.

ӘДЕБИЕТТЕР

1. Нұрпейісов К. Алаш һәм Алашорда.-Алматы: Ататек,1995.-18-б.
2. «Қазақ». Алматы, 1998. – 78-б.
3. «Қазақ» //А.Байтұрсынов. Бастауыш мектеп., Алматы, 1998. – 100-101-бб..
4. Байтұрсынов А. Қазақша оқу жайынан // Қазақ, 1913, №14.
5. Әбдіманов Ө. «Қазақ» газеті. А., 1993, 141-б.
6. Пірманов Ә., Қапаева А.. Қазақ интеллигенциясы. Алматы, 1997. 107-108-
бб.

Қазақстан ғылымының тарихы музейінің меңгерушісі

Дүйсембаева Назира Бәкірқызы