Шығыстанушы, тарихшы, фольклоршы, этнограф, географ, ағартушы Ш.Уәлихановтың туғанына 185 жыл толуына орай Ш.Уәлиханов атындағы ­Тарих және этнология институты Алматы қаласының Білім басқармасы және ҚР Орталық мемлекеттік архивімен бірлесіп «Рухани жаңғыру аясындағы Ш.Ш.Уәлихановтың тарихи-мәдени мұрасы» атты халықаралық ғылыми-теориялық онлайн-конференция өткізді. Сондай-ақ ғылыми кітапханада ғалым мұрасына арналған көрме ашылды.

Онлайн-конференцияда қазақстандық және шетелдік ғалымдар мазмұнды баяндама жасады. Академик Қ.Сәтбаевтың мемориалдық музейі Шоқан Уәлиханов туралы фильм ұсынды. Конференция жұмысы секциялық мәжілістерде жалғасты. Ғалым мерейтойына арналған іс-шаралар аясында «Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар музейінде Шоқан Уәлихановтың туғанына 185 жыл толуына орай экспозициялық кітап көрмесі ашылды. «Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы» атты көрмені Орталық ғылыми кітапхана мен Сирек кездесетін кітаптар музейі бірлесіп ұйымдастырды. Көрмеге кітапхана қорындағы Ш.Уәлихановтың қолжазбалары мен ғалымның мұрағатынан алынған сирек кітаптардың фотокөшірмесі, ғалымның жеке құжаттары, хаттардың көшірмесі, экспедиция күнделіктері, карталар, сызбалар фотокөшірмелері қойылды. Қашқар, Ыстықкөл, Жетісу туралы жазбалар, 1961-1972 жылдары Алматы қаласында жарық көрген 5 томдық жинағы, «Чокан Валиханов. В воспоминаниях современников» атты кітап пен «Шоқан жүрген жерлерде» атты ашық хаттар топтамасы ғалым өмірі мен шығармашылығынан сыр шертеді. Көрменің ашылу салтанатында «Ғылым ордасы» РМК Бас директорының міндетін атқарушы Н.Сейдін, тарих ғылымының кандидаты С.Өтениязов, профессор М.Әбусейітова, Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының аға ғылыми қызметкері Р.Оразов, Орталық ғылыми кітапхананың меңгерушісі Қ.Қаймақбаева сөз сөйледі. Тарихшы ғалым С.Өтениязов Шоқанның мұрасы әлі жеткілікті зерттелмегеніне, еңбектері ана тілімізде толық басылып шықпағанына тоқталып, шоқантануға көп үлес қосқан ғалымдардың еңбегі елеусіз қалып отырғанын айтты. М.Әбусейітова Шоқанды зерттеу үшін жас ғалымдардың шет тілін білуі қажеттігін айта келіп, ғылыми кітапханаға Ш.Уәлихановтың сегіз томдық шығармалар жинағын тапсырды.

Дина Имамбаева

Сілтеме:  http://anatili.kazgazeta.kz/news/58724