2020 жылдың 3-желтоқсанында  11.00-де «Ғылым ордасы»  РМК-ның Қазақстан ғылымының тарихы музейі Ш.Уәлиханов  атындағы «Алтынемел» мемориалдық музейімен бірлесіп, қазақтың  тұңғыш ғалымы, тарихшы, этнограф, шығыстанушы, фольклоршы,  саяхатшы, ағартушы Ш.Ш.Уәлихановтың туғанына 185 жыл толуына  орай «Шоқан Уәлиханов – қазақ ғылымының сөнбес жұлдызы» атты  онлайн дөңгелек үстел өткізілді.

 Дөңгелек үстел жұмысына қазақстандық ғалымдар, ғылыми мекемелер   мен ЖОО өкілдері қатысты.

Қазақстан  ғылымының тарихы музейінің меңгерушісі Дүйсембаева Назира Бәкірқызы модератор ретінде шара қонақтарын таныстырып, ашылу сөзін сөйледі.

«Ғылым ордасы» РМК-ның бас директорының міндетін уақытша атқарушы, тарих ғылымдарының  кандидаты Сейдін Нұрлан Бақытжанұлы  құттықтау сөзін сөйледі.

      Дөңгелек үстелдің мақсаты – қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан  Шыңғысұлы Уәлихановты еске алу және құрмет көрсету; аты аңызға  айналған тұлғаның ғылыми мұрасын насихаттау; жастарды қазақстандық     патриотизм рухында тәрбиелеу.

 Шоқан Уәлиханов өзінен кейін үлкен ғылыми мұра қалдырды. Ш.Уәлиханов өзінің шығармашылығымен Орталық Азияның бірқатар халықтарын зерттеуге үлкен үлес қосты.

       Іс-шара аясында Ш.Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалдық  музейінің қорынан «Шоқанның мұралары» атты жылжымалы көрме  ұйымдастырылды, онда ғалымның ғылыми еңбектері мен құжаттары,     фотосуреттері, жеке заттары, тұрмыстық заттары және отбасылық басқа да   экспонаттар ұсынылды.

     Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты директорының қоғаммен байланыс  жөніндегі орынбасары, жетекші ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының  кандидаты Шашаев Әуезхан Қадыржанұлы  өз сөзінде Шоқанның шығу тегін және зерттелу жолын айта келе, Ш.Уәлиханов туралы бірнеше кітаптарды Қазақстан ғылымының тарихы музейіне тарту етті.

Ш.Уәлиханов атындағы  «Алтынемел» мемориалдық музейінің меңгерушісі Рахатова Марал Оралбекқызы осындай жылжымалы музейлердің көптеп ұйымдастырылуын, музейлердің біріге жұмыс істеуін үлкен мүмкіндік деп бағалады.