2020 жылдың 12 қарашасы күні «Ғылым ордасы» РМК  Орталық ғылыми кітапхана конференция залында  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы ҚР Ұлттық ғылым академиясымен бірлесіп  «Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» биобиблиографиясының тұсаукесерін өткізді.

Жобаны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Кеңсесінің басшысы, саяси ғылымдардың докторы, профессор     М.Б. Қасымбеков басқарды.

Биобиблиографияның тұсаукесері Елбасы кітапханасы мен ҚР Ұлттық ғылым академиясы бірлесіп ұйымдастырған «Қазақстан ғылымы: даму кезеңдері мен басымдықтары» тақырыбындағы дөңгелек үстел аясында өтті.

«Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев» биобилиографиясының жарық көруі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі болып сайланғанына 25 жыл толуына орайластырылды. Кітапта Қазақстан мен әлемдік қоғамдастықта мойындалған Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының өмірі мен қызметі, бастамалары мен сіңірген еңбектері бейнеленген өмірбаяндық очерк бар. Елбасының іргелі, бағдарламалық және стратегиялық еңбектері, жарияланымдары, шығармашылық жұмыстары, сондай-ақ Қазақстан Республикасында да, шетелде де сөйлеген сөздері туралы бірқатар материалдар мен ақпараттар жинақталып, қамтылды. Сонымен қатар кітапта Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевқа арнап түсірілген көркем фильмдер, деректі фильмдер, туындылардың авторлары мен әдеби басылымдар туралы ақпараттар көрініс тапты.

Іс-шара аясында Елбасы кітапханасы мен Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Меморандумға қол қоюдың мақсаты – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың идеялары мен бастамаларын насихаттау, сондай-ақ бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асыру болатын.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасының атынан меморандумға кітапхана басшысы Рахымжанов Әмірхан Мұратбекұлы қол қойса, Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы атынан меморандумға академия президенті Жұрынов Мұрат Жұрынұлы қол қойды.

Іс-шараға жетекші ғалымдар – ҚР Ұлттық ғылым академиясының толық мүшелері қатысты.