2020жылдың 5 қарашасында  «Ғылым ордасы» РМК  Орталық ғылыми кітапханасының коференц залында  Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты ғалым-антрополог, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Болония ғылым академиясының корреспондент мүшесі, Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты Смағұлов Оразақ Смағұлұлының 90 жасқа толуына орай «Оразақ Смағұлов – Қазақстан антропология ғылымының негізін қалаушы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді.

Конференция мақсаты – Қазақстан антропология ғылымы дамуының қазіргі жағдайы мен өзекті бағыттарын талқыға салу, О. Смағұловтың қазақ этносының шығу тегіне қатысты антропологиялық аспектілерді зерттеудегі үлесін атап көрсету.

Модератор ретінде  Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры  м.а., ҚР ҰҒА корр-мүшесі, тарих  ғылымдарының докторы, профессор Қабылдинов Зиябек Ермұханұлы   құттықтау сөзін сөйлеп , іс-шараның барысымен таныстырып өтті.

Конференцияға отандық ғалымдар, қоғам  және мемлекет қайраткерлері, оқытушылар, доктаранттар мен магистранттар, кең ауқымда қоғам өкілдері қатысты.

Академик Оразақ Смағұлұлының көптеген еңбектерінде, монографиялар мен мақалаларында жинақталып берілген этникалық краниология, серология, палеоантропология, соматологии, одонтология, дерматоглифика саласындағы зерттеулері ғылыми және мәдени қауымдастық арасында сұранысқа ие екені баршаға мәлім. Антропологиялық құрамда қола дәуірі тайпаларының физикалық деректерін морфологиялық мұра ретінде 30% сақтай отырып, осы аймақтың автохтоны болып табылатынын ол краниологиялық сериялар, генетикалық маркерлер, одонтологиялық нышандарды зерттеу нәтижесінде төрт мыңжыл бойындағы қазақ этногенезінің тарихи үдерісінің біртұтастығын дәлелдеп шықты.

О.С.Смағұлов ұзақ жылдар Ш.Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология академиялық институтында жұмыс істеді және соның қабырғасында Қазақстандағы тұңғыш этникалық антропология зертханасын құрушы болды. Қазірде осыған ұқсас зертханалар Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі (Нұр-Сұлтан қ.) және М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті (Шымкент қ.) жанында да жұмыс істеп отыр және О.Смағұлұлы сол зертханаларда өз ғылыми-зерттеу қызметін жалғастыруда.

Конференция шеңберінде сондай ақ  Академик О.С.Смағұлов және Қазақстандағы антропология ғылымының дамуы  мен  Қазақстандағы және шетелдердегі антропологиялық зерттеулердің негізгі бағыттары,  Тарих, этнология және антропологияның өзекті мәселелері төңірегіндегі тақырыптар қозғалды.