Қазақстанда ғылым мен бизнес бір-бірінің тілін тү­сінбейді деседі. Сол сөз шын­дыққа жанаса ма? Кәсіп­кер­лер неліктен инновацияға иек артуға құлықсыз? Ғалымдар неге өз еңбегін на­рыққа өткізе алмайды? Өнертабыс пен өндіріс қайтсе бірігеді?

Бүгінде ғылыми жетістіктерді экономикаға енгізбейінше халық тұрмысын түзеу мүмкін емес. Өркениет өріне беттеген мемле­кеттер әлдеқашан инновациялық шешімдерді игілігіне пайдаланып, өнертабысты өндірістің өзегіне айналдырған. Қазақстанда да ғы­лыми-техникалық қызмет нәти­желерін іс жүзінде қолдану жол­дары талай талқыланған. Оны жүзеге асырудың механизмдері жа­­салып, арнайы заң да қабыл­данған. Бірақ әлі күнге дейін отан­дық экономикада ғылымды қажет ететін салалар саусақпен санарлық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында қо­ғамды толғандырған мәселені тағы бір қозғады.

– Ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың, әсіресе шикізат саласындағы компания­лардың қа­ражаты. Тапқан табыс­тың 1 пайы­зын ғылым мен техно­ло­гияны да­мытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай отыр. Көп жағдайда бұл қаражат компа­ниялардың ішінде бөлініске түсіп кетеді. Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орта­лықтандыруды және оның бюджет арқылы жалпы­ұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінуін қамта­масыз етуді тап­сырамын. Ірі биз­нес өкілдері өңірлік универси­теттердің ғылыми қызметін қам­қорлыққа алса, нұр үстіне нұр болар еді. Бізге елімізді ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамыту жөніндегі арнаулы бағ­дар­ламалық құжат қажет. Оның басты міндеті ұлттық деңгейдегі нақ­ты мәселе­лерді шешуге ғылымның әлеуетін пайдалану болмақ, – деген-ді Мемлекет басшысы.

Айта кету керек, 2015 жылы «Ғылы­ми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» заң шыққан. Аталмыш құжат ғылыми-техникалық қызмет жетістіктерін ком­мерциялық мақсатта тұтынуға, жеке кә­сіпкерлік субъектілерін ғылыми зерттеу жұмыстарына тартуға, инновацияны қолданысқа енгізу деңгейін көтеруге, экономикада жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға арналған. Дегенмен сарапшылар заңның дәл мынадай нұс­қасынан пәлендей пайда жоқ деп санайды

– Президентіміз де айтты ғой. Кәсіп­керлер заңды айналып өтетін амал тапқан. Олар кәсіпорын ішінде әл­дебір ұйымдар құрып, өзі бөлген қаржыны өз ішінде қалдырып отыр. Қазір Парламентте заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселесі пысықталып жатыр. Депутаттар биыл қарап үлгермейтін шығар. Алда сайлау бар дегендей… Келесі жылы мақұлданар деп үміттенеміз, – дейді «Ғылым ордасы» РМҚ директорының орынбасары Нұрлан Сейдін.

Қысқасы, бизнес пен ғылым ара­сындағы байланыс көңіл көншітпейді. Екеуі өткел бермес өзеннің екі жа­ғасында тұрғандай. Екі ортадағы көпір міндетін «Ғылым қоры» атқаруға тиіс еді. Қордың негізгі мақсаты – тасада жүрген таланттарды тауып, ғалымдардың жаңалығын халыққа таныту және қаржы­ландыру. Алайда баяғы жартас – сол жар­тас. Мәселен, 2019 жылы Қазақстан ғаламдық инновация индексінде 126 елдің ішінде 79-орын иеленіпті. Бұл – 2018 жылмен салыстырғанда бес саты төмен көрсеткіш. Рейтинг жасағанда ондаған параметр ескерілген. Патент алуға түсір­ген арыз саны, инновацияны ойлап табу мен өндіріске енгізуге жұмсалған қаражат сынды жайттар назарға алынған. Қазақстан үкіметтік онлайн-сервистерді дамытуға жұмсалатын қаржы бойынша 32-ші, бағдарламалар жүйесі бойынша 120-шы, білім саласына бөлінетін қаржы бойынша 105-орынды місе тұтқан. Посткеңестік кеңістікте Ресей (46-орын), Украина (47-орын), Грузия, (48-орын) Молдова (58-орын), Армения (64-орын), Беларусь (72-орын) бізді артқа тастапты.

Еуропада ғылымды қаржыландыру көлемі ІЖӨ-нің 3 пайызынан 4,5 пайызына дейінгі аралықта құбылса, Ресейде 1,2 пайыздан асады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 1 пайыздың ар жақ, бер жағында.

Мамандардың пікірінше, мәселенің мәнісі отандық бизнестегі, нақты сек­тор­дағы субъектілерге, қаржылық институт­тарға тіреледі екен. Әзірге қалталылар ғылыми табыстарды коммерциялауға ынтасыз. Өйткені оның ақша әкелеріне онша сенбейді. Неге десеңіз, отандық бизнес дамыған әлеммен салыстырғанда жап-жас. Егемендіктің елең-алаң ша­ғында Қазақстандағы кәсіпкерлік бас­тапқы капитал жинау үшін «сатып алу-сату» сипатында қалыптасты. Әлі де биз­несті тек алыпсатарлыққа балайтын жандардың қарасы қалың. Мысалы, Рес­публикалық кәсіпкерлерге көмек көр­се­ту орталығының директоры Дмитрий Казанцев қазақ бизнесінің абыр­ойын сауда, қонақүй мен қоғамдық тамақтандыру саласы ғана жауып тұр деп есептейді. Оның сөзінше, біздің кәсіп­керлер ақыл-ойға сүйенетін интеллектуал бизнестен ат-тонын ала қашады. Көбі сырттан тауар тасып саудалаумен немесе шетелдік франшизаны осында жүргізумен шектеледі. Аздаған кәсіпкерлер ғана бүгінгі бизнестің қайнар көзі ғылымда еке­нін тап басып таныған. Себебі Қазақ­стан нарығында ғылым бар жерде бәсеке төмен.

Бірақ ғылымның өзі бәсекеге қанша­лықты сай деген сұрақ туындайды. Оған да ой қосайық. Жалпы, дамыған мемлекеттер іргелі ғылым мен қолданбалы ғылымның аражігін ажыратып алған. Іргелі ғылымға көмектесіп, қолданбалы салаларға на­зар аудармай, соның кесірінен инно­вациядан мақұрым қалған елдер баршы­лық. Керісінше, іргелі зерттеуден гөрі қолданбалы ғылымға көбірек көңіл бөліп, оқ бойы озғандар да жоқ емес. Бізде де теориялық зерттеулердің бағы басым. Ал оны өндіріске енгізу жағынан ұяттымыз.

Мамандардың пайымынша, қазақ ғалым­дары энергетика, мұнайды қай­та өңдеу, IT, ауыл шаруашылығы, кө­лік логистикасы салаларында тама­ша табыстарға жетуі ықтимал. Бұлар­ға қатысты зерттеу жұмыстары өз қолы­мызда. Тек соның бәрін коммерциялау қажет. АҚШ пен Еуропада қаржының 19-20 пайызы ғана іргелі ғылымға жұмсалады екен. Қалғаны қолданбалы ғылымға бағытталады. Ал Қазақстанда 2016-2018 жыл­дары ғылымды коммерциялауға 17 млрд теңге жұмсалса, оның небәрі 16 па­йызын немесе 3 млрд теңгесін ғана бизнесмендер төлепті. Демек, ғы­лым мен бизнесті қабыстыру – ке­зек күттірмейтін шаруа. Әйтпесе, жүз­деген, мыңдаған зерттеудің нәтижесі зертхана қабырғасынан шықпай жатыр. Ғалымдарымыз ойлап тапқан жаңа технологиялар тәжірибе жүзінде сыналмай, айтулы жаңалық ретінде тіркеледі де, қағаз жүзінде қалып қояды.

Сонымен, гәптің бәрі қоғамдық санада жатқан тәрізді. Ғалымдар өз еңбегін сата білсе, кәсіпкерлер ғылымға шекеден қарамай, шетелдің үздіктерін үлгі тұтса, жағдай түзелер еді. Ұлт бола­шағы сарапқа салынатын сәтте екі тарап та бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарса игі.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ

https://aikyn.kz/82189/%d2%93%d1%8b%d0%bb%d1%8b%d0%bc-%d3%99%d0%bb%d1%96-%d0%b4%d0%b5-%d0%b1%d1%8e%d0%b4%d0%b6%d0%b5%d1%82%d0%ba%d0%b5-%d2%9b%d0%be%d0%bb-%d0%b6%d0%b0%d1%8f%d0%b4%d1%8b/