2013 жылы қазанда Бішкекте өткен Дүниежүзілік қар барысын сақтау форумында жаңа мерекені белгіледі. Содан бері 23 қазанда Қазақстан Республикасының ұлттық символы – Халықаралық барыс күнін бүкіл әлемде атап өтеді.

Ежелгі дәуірден бастап қар барысы мифтер мен аңыздардың, нанымдардың кейпкеріне айналған және оның бейнесі көптеген азиялық мәдениеттерде көрініс тапқан, ол ішінара бүгінгі күнге дейін сақталған. Қар барысы өте сирек кездесетін жануар болғандықтан көбінесе адам үшін қолайсыз, кейде адам жүре алмайтын тауларда өмір сүруге дағдыланған.

Қар барысы (Uncia uncia Schreber, 1775) –  саны жылдан жылға азайып бара жатқан мысық тұқымдасына жататын табиғатынан аса сақ, бірегей жыртқыш жануар. 1775 жылы табиғаттанушы Иоганн Шребер қар барысына ғылыми сипаттама берді.  Ересек қар барысының ұзындығы құйрығымен бірге 2 жарым метрге дейін жетеді. Жыртқыштың бойынын биіктігі 55-60 сантиметр. Бұл жануардың басы дөңгелек және үлкен емес, қысқа құлақтары бар.Ол 6 метр ұзақтыққа және 3 метр биіктікке дейін еркін секіре алады.

Иоганн Шребер зерттегенен  кейін көптеген ғасырлар бойы қар барысын көптеген зоологтар мен саяхатшылар зерттеді. Қазақстан Республикасында қар барысын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Зоология институты» ғалымдары, үкіметтік емес ұйымдардан «Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы» (АСБК) зерттейді.

Табиғи жағдайда барыстың тіршілік әрекетін зерттеу, оларды іздеу өте қиын, суретке түсіру тіпті қиын. Жыртқыштардың тығыздығының өте төмен болуы, бұл жануарлардың өмір сүру жағдайлары мен өмірлік циклдарын толық қадағалауға мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты зерттеушілер бүгінгі күні де осы жануарлар туралы, оның көбею қабілеттерінің кейбір аспектілері туралы барлық ақпаратқа ие емес.

Қазір Қазақстан қар барыстарын зерттеудің барлық мүмкіндігін қарастыруда. Бақытымызға орай, соңғы жылдары заманауи технологиялар барысты зерттеушілердің жұмысын едәуір жеңілдетті және біз осы керемет жыртқыштардың өмірімен таныса бастадық. Қазақстанда қар барысы өмір сүретін барлық ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда нақты саны мен өмір сүру салтын анықтау мақсатында фототұзақтар қойып, зерттеу жургізе бастады.

Тіркеу деректері бойынша Қазақстан Республикасында 130-ға жуық барыс өмір сүреді, бірақ бұл санды нақтылау қажет.

Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының дерегінше, жер бетіндегі қар барысының саны үш жарым мыңнан жеті жарым мыңға дейін есептеледі. Мұнан басқа әлемнің әр түкпіріндегі зообақтарда қар барысының екі мыңға жуығы бар.

Тау экожүйелерін игерудің қарқындылығының жоғарылауы және биологиялық ресурстарды тұтыну, барыстың таралу аймағының және санының азаюына алып келеді, бұл оның түр ретінде тіршілік етуіне қауіп төндіреді.

Қазақстанда қар барыс 1978 жылдан бастап Қызыл кітаптың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлер санатына қосылды және заңмен қорғалады. Қар барысын жойылып бара жатқан флора мен фаунаның алуан түрлерімен халықаралық сауда жасау туралы конвенцияның I қосымшасына (CITES), Жануарлардың қоныс аударатын түрлері туралы конвенцияның І қосымшасына (CMS) енгізген. Жойылу қауіп төніп тұрған түр ретінде қар барысы 2000 жылы Халықаралық табиғатты қоргау одағының (ХТҚО) Қызыл Кітабына енгізілді. Сондай ақ ол тіршілік ететін 12 мемлекеттің Қызыл кітабына енгізілген.

Мұндай мәртебені тағайындау қар барысын  қорғау үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет екендігін, сонмен қатар осы әдемі және қастерлі жануар әлі де кездесетін елдердің халықаралық қауымдастығы мен мемлекеттік мекемелері қар барысының популяциясын қалпына келтіру, олардың санын зерттеу қажет екенін көрсетеді.

Назымбетова Г.Ш.

Табиғат музейінің меңгерушісі, PhD.