Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ел экономикасын, денсаулық сақтау саласын дамыту, цифрландыру, мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісін құру, жемқорлықпен күрестің жаңа тәсілін енгізу сынды тың мәселелер қозғады. Халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған Жолдау әр түрлі саланы қамтып, жүйелі жұмыс істеуге негізделген.

Бұл жолдауда ғылым саласын дамытуға ерекше назар аударғанын байқауға болады. Үкіметке әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуін және «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырма берді. Президентіміз ел болашағына, ғылымға жаны ашитын әрбір азаматқа зор сенім артып отыр. Қоғамға алдағы келе жатқан реформаларға дайын болып, күш-жігерін аямай, еңбек етуге шақырды.

Осы жолдауда айтылған «Цифрландыру – барлық реформаның негізгі элементі» бағыты бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті Республикалық мемлекеттік кәсіпорын «Ғылым ордасы» музейлері, орталық ғылыми кітапханасы тапсырмаларды орындауды бастап кетті. Гранттық қаржыландыру жобаларына қатысып, кітапхана қорын, музей экспонаттарын цифрландыру жұмысын нығайта түсті. Ғылым және білім министрлігі Ғылым комитеті қолдауымен орталық ғылыми кітапхананы цифрлық инфрақұрылыммен және қазіргі заманғы материалдық-техникалық базамен жарақтандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Келер жылы «Ғылым ордасы» музейлерінде қазіргі заманғы материалдық-техникалық базамен жарақтандыру жоспарланып отыр.

Коронавирус індетінің салдарынан мәдени ұйымдар соның ішінде кітапхана, музейлер жабылған еді. Карантин жағдайында әлемнің атақты кітапханалары, музейлері онлайн-режим форматында жұмыс жасады. «Ғылым ордасы» музейлері, орталық ғылыми кітапханасы да жаңа технологияны пайдалана отырып, аудиторияны қызықтыру мақсатында әлеуметтік желілердегі парақшаларын белсенді түрде жүргізе бастады. Аз уақыт ішінде жаңа программаларда экспонаттар, сирек кітаптар туралы мәліметтерге видео, аудиоматериалдар дайындауды үйренді. Alcor компаниясымен бірлесе Camera Acute 3D Web Viewer v1.3 арнайы технология құрылғысы арқылы геометриялық дәлдікке ие 3D model түсірілімін жасады. Мекеме сайтында орналасқан осы виртуалды 3д-тур арқылы музейлерге саяхат жасауға болады. Онда табиғат, археология, сирек кездесетін кітаптар, қазақстан ғылымының тарихы музейлері залдары 3д-панорама арқылы көруге болады. Музей экспонаттары туралы ақпараттарды «izi-Travel» программасы арқылы орыс, ағылшын тілдерінде аудиосы жасалынды. Алдағы уақытта, барлық экспонаттарға аудио, видео, 3д-тур 3 тілде жасау жоспарланып отыр. Кітапхана, музей қызметкерлері өз оқырмандарына әлеуметтік желі парақшаларында тарихи-мәдени және ғылыми мұраны сақтау мен дамыту, оны одан әрі зерделеу және жан-жақты насихаттау жұмыстарын әрі қарай жалғастырады.

Кітапхана, музей қызметкерлері Zoom платформасын пайдалана отырып ғылыми-практикалық онлайн-конференциясы, виртуальды көрмелер өткізілуде. Сонымен қатар, сирек құжаттарды, қолжазбаларды және басқа да деректемелерді сандық түрге көшіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау – мемлекет болашағының дамуына үлес қосқан әр азаматтың міндеті деп ойлаймын.

Еліміздің ғылым саласын, ауыл шаруашылығын дамыту арқылы бәсекеге қабілетті экономика құруға мол мүмкіндік береді деп сенемін.

 

РМК «Ғылым ордасы»

Сирек кездесетін кітаптар музейі меңгерушісі А. Серік