Биыл көктемде «Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі» АҚ Қашар карьерінің оңтүстігінде жер қыртыстарын аршу барысында шамамен 40 метр тереңдіктегі саз бал­шықтан көлемі бір жарым метр­ге жететін ежелгі балықтың қаң­қасы табылды.

Табиғат музейінің меңгерушісі Гүлжан Назымбетованың айтуынша, бұл ежелгі балық қаңқасының жақсы сақталған күйде алғашқы рет кездесуі. Осы уақытқа дейін Тетис мұхиты тіршілік иелерінің тасқа айналған қалдықтары, теңіз балдырлары мен жануарларының сүйектерінің іздері, шөгінділерден акула тістері де табылған болатын. Алдын ала болжам бойынша, бұл балық эоцен кезеңінде (50-30 млн жыл) тіршілік еткен. Қазіргі Қостанай өлкесінің аумағы біздің заманымызға дейінгі 60-30 млн жыл бұрын көне Тетис мұхитының түбі болған. Ол кезеңде Жерорта, Қара,Азов, Арал және Каспий теңіздердің бедері әлі қалыптаспаған-ды. Мұнда теңіз тіршілігі өркендеп, киттер жүзіп, акулалар мен балықтардың сан алуан түрлері, маржандар өсіп, дауылдар көтерілген. Өңірден табылған олжаны «Соко­лов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бір­лестігі» АҚ жетекші ғылыми ұйым ретінде Алматыдағы «Ғылым орда­сының» Табиғат музейіне беруді ұйғарған болатын. Биыл қырқүйек айында каран­тиндік жеңілдіктерден кейін музей қызметкерлері осы балықтың қаң­қасын топырақтан тазартып, Алма­тыға әкелді. Ғылыми зерттеулер мен  қалыпқа келтіру жұмыстары аяқтал­ған соң эоцен кезеңінің балығы музей экс­позициясынан орын алатын болады.

https://egemen.kz/article/250634-tetis-mukhityn-mekendegen-balyq (c)