Материалы VI международной научно-практической конференции«Наука и образование в современном мире: Вызовы XXI века».

Секция 13.Искусствоведение

 

Аннотация: Мақалада жаңа ақпараттық ортада музейдің орны, әлеуметтік желілердің маңыздылығы баяндалады. Осы уақытқа дейін әлемдік музейлер елге танымал экспонаттары арқылы насихатталып келді. Ал қазіргі таңда заман талабына қарай, музейлер тамашалаушыларымен тығыз байланыста болуы үшін әлеуметтік желілерді белсенді қолданады.

Түйінді сөздер: музей, әлеуметтік желілер, интернет желісі.

 

Еліміздің сан ғасырлық мәдениетін, тарихын сабақтастырып, бүгінге жеткізуші мұраларды жинақтап, зерттеуге, насихаттауға үлкен ден қойған мекемелердің бірі музей екені баршаға мәлім. Музей мен кітапхана қашанда тарих пен мәдениеттің, өнер мен дәстүрдің орталығы болып қалмақ. Музей тек жәдігерлерді сақтайтын қойма немесе сол жәдігерлерді көрсететін көрме ретінде ғана емес, ғылыми-зерттеу, мәдени-танымдық орталық деп тану қажет. Себебі, мұнда атқарылатын жұмыстардың көбі ғылыми-зерттеу, мәдени іс-шаралар ұйымдастыру мен танымдық-ағартушылық жұмыстар жүргізуге негізделген. Десек те, музейлердің негізгі қызметі – жәдігердерді сақтау, қорғаумен қатар, музей аудиториясымен де дұрыс жұмыс жасау.

Музей саласының мамандары арасында осыдан бірнеше жыл бұрын музейге әлеуметтік желілердің пайдасы көп екенін түсінген музей мамандары оны белсенді қолдануда. Осы уақытқа дейін әлемдің музейлер елге танымал экспонаттары арқылы насихатталып келді. Ал қазіргі ақпараттық қоғамда жағдай түбегейлі өзгерді. Музейлер, көрме орталықтары коллекциялардың арқасында ғана емес, Бұқаралық ақпарат құралдарындағы сәтті жарнамалық компаниялардың арқасында танылып жатыр.Бүгінгі таңда «дамыту» термині маркетингтен келді, онда жарнама және сату жөніндегі мамандар өнімнің немесе қызметтердің ыңғайлы түрін құру есебінен нарықтағы оның үлесін арттырады. Экономикалық дағдарыс жағдайында музейлер мен мәдениет мекемелерінен жалпы алғанда «музей өнімінің» рентабельділігін арттыру болып табылады.Мәдени мұраны жинақтау, сақтау, зерттеу және зерделеудің бар екпіні көпшілікке дәріптеуге ойысты. Мәдениет мекемесінің табыстылығын арттыру үшін соңғы өнім мен қызмет – жарнамалау болып табылады. Өткен ғасырда жарнамаларды БАҚ арқылы баспа өнімдерінен шығарып дәріптесе, қазіргі уақытта бүкіләлемдік интернет желісінде жарнамалау тиімді болып табылады.

Соңғы жылдары Қазақстан Республикасында интернет желісін қолданушылардың саны күрт өскен. Тұрғындардың басым бөлігі телефон және планшет құрылғылары арқылы интернет желісін пайдаланады. «GlobalStats» әлемдік статистика сайтындағы мәліметтерге жүгінетін болсақ, ҚР әлеуметтік желіні 2019 жылдың наурызы мен 2020 жылдың наурызына дейінгі аралықтағы қолданушылар көрсеткіші 1-суреттен көруге болады.

Суретте көрсетілген мәліметтерді алып қарасақ, Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік желіні қолданушылардың Pinterest интернет сервисінде – 31,87%, Вконтакте – 18,39%, Ютюб – 15,88%, Фэйсбук – 14,07%, Инстаграм – 10,59%, Твиттер – 7,26%, Тамблер – 0,62%, , басқалары – 1,31% құрайды [1].

 

 

Сурет 1 – ҚР-дағы 2019-2020 жж. Әлеуметтік желіні қолданушылар көрсеткіші («GlobalStats» әлемдік статистика сайтынан алынды)

 

Қазіргі уақытта музейге қатысты анықтамаларды қашықтан білу үшін келушілер музейлер сайтын көп қолдана бермейді. Виртуальды музейді тамашалайтындар сайтта орта есеппен 3-4 минуттан артық отырмайды [2]. Осы деректерге сүйенсек, қашықтан музейді көрушілер аз уақыт ішінде нақты ақпарат алғысы келеді.

Кел келген адам күнделікті өмірде жанында компьютер, ноутбукты арқалап жүрмейтіндіктен, әрдайым өздерімен бірге мобильді телефон немесе планшет алып жүреді. Яғни осы құрылғыларда әр түрлі операциялық жүйеде тиімді, әрі қарапайым программалы интерфейстер шығару керек. Бұрындары мобильды құрылғыларда аудиогидті мыңдаған адам ғана жүктеген болса, қазіргі уақытта миллондаған адамдар сондай программаны жүктеп алуда [3]. Сондай жүйемен жұмыс жасайтын әлемдегі ірі izi-Travel аудиогид платформасын айтуға болады. Бұл izi-Travel платформасында әлемнің 1900 қаласындағы музейлер бойынша 8 мың аудиогид әр түрлі тілде жүктелген. Смартфон құрылғыларындағы IOS және Андройд операциялық жүйесінде оңай, әрі жылдам қолдануға негізделген [4]. ҚР Алматы қаласындағы бірнеше музейлердің орыс, ағылшын тілдеріндегі аудиогидтары осы программаға салынған.

Цифрлық технологиялар дәуірінде полиграфиялық өнеркәсіп жаңа деңгейге өте отырып, графикалық дизайн сапасы артты. Бірнеше жыл бұрын қолданылған түрлі-түсті иллюстрациясы бар коллекциялар катологымен таң қалдыру қиынға соғады. Сол үшін виртуальды кеңістікті безендіруге мамандалған дизайнерлер қажет. Осы бағытта музей мамандары барынша күш-жігерлерін салуда.

Қазіргі таңда әлемдегі әлеуметтік желімен жұмыс жасайтын көшбасшы музейлер қатарына – Қазіргі заманғы өнер музейі, Нью-Йорк (The Museum of Modern Art, MoMA), Метрополитен музей, Нью-Йорк (The Metropolitan museum), Смитсонов институты, Вашингтон (Smithsonian Institution), Лувр, Париж (Louvre), Тейт галереясы, Лондон (The Tate Gallery), Виктория және Альберт музейі, Лондон (Victoria and Albert Museum, V&A museum), Рийксмузеум, Амстердам (Riijksmuseum).

Көршілес жатқан мемлекет Ресейде әлеуметтік желімен жұмыс жасайтын көшбасшы музейлер қатарында – А.С. Пушкин атындағы Мемлекеттік бейнелеу өнері музейі, Мемлекеттік Третьяков Галереясы, Мемлекеттік Эрмитаж, Мемлекеттік Орыс музейі, Ұлы Петр атындағы Антропология және этнография музейі (Кунсткамера), Мемлекеттік тарихи музейі жатады.

Қандай әлеуметтік желіде жұмыс жасауды музейдің миссиясына байланысты таңдауға болады. Әр әлеуметтік желінің өз мақсаттарына қарай музей аудиториясымен дұрыс ынтымақтастық орнату үшін  қарастырылады. Қазақстан Республикасы музейлері Фэйсбук, Инстаграмм әлеуметтік желілері арқылы белсенділік танытып жатыр.Соның ішінде көшбасшы kazmuseum.kz Қазақстан музейлерінің ақпараттық-әдістемелік орталығының Инстаграмм парақшасында – 21200, Алматы музейі – 18500, Қастеев атындағы өнер музейі – 10200, ҚР Ұлттық музейі – 5210, Д.А. Қонаев музейі – 1851, «Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін кітаптар музейі – 1410, ҚР орталық Ұлттық музейі – 1392 және т.б. музейлердің жазылушылары бар [5]. Еліміздегі музейлер әлеуметтік желілер арқылы онлайн экскурсиялар, виртуальды, аудио, видеотурлар салып, жаңарту үстінде. Музейге келушілерді қызықтыру мақсатында ақпараттық технологиялармен жұмыс жасап, әлеуметтік желілер арқылы музейдегі жәдігерлерді насихаттау жұмысы қарқынды жүруде.

Қорыта айтқанда, әлеуметтік желілердің жеке адамға, қоғамға, мемлекетке ықпалы күннен-күнге күшейіп келеді.

Мәдени құндылықтарды сақтау музейдің негізгі бағыты болып қала береді. Сонымен қатар, цифрлық технологиялар дәуірінде музейлер өз тамашалаушыларымен тығыз байланыста болуы үшін әлеуметтік желілермен белсенді жұмыс атқарып келеді. Қазіргі уақытта тек басқа елдердегі музейлер ғана емес, отандық музейлер де осы бағытта жұмыстарын күшейтіп жатыр.

 

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

 

1. Электронды ресурс. 17.04.2020 ж.

https://gs.statcounter.com/social-media-stats/all/kazakhstan/#monthly-201903-202003-bar

2. Гук Д.Ю., Определёнов В.В. Методические аспекты анализа и контроля эффективности информационных ресурсов музея в сети Интернет // Информационные ресурсы – футурологический аспект: планы,прогнозы, перспективы. Материалы X всероссийскойнаучно-практической конференции «Электронные ресурсы библиотек, музеев, архивов», 30-31 октября 2014 г., Санкт-Петербург. – Политехник-сервис, 2014. – С. 135.

3. Vokuev P. Our tour guide On-Demand is nowthe Most Popular Audio Guide App in the World. [Электронный ресурс] Режим доступа: https://blog.izi.travel/?p=1587&lang=en  Дата доступа: 22.12.2015

4. Электронды ресурс 17.04.2020 ж. https://izi.travel/ru/blog

5. Интернет ресурсы, 17.04.2020 ж. Kazmuseum.kz, almatymuseum, kasteyev_museum, nationalmuseumkz, museumkunaev, rbmuseum, central_state_museum_of_kz музейлердің инстаграм парақшасынан алынды

 

Серік Айгерим Серікқызы

ҚР БҒМ «Ғылым ордасы» РМК Сирек кездесетін

кітаптар музейі меңгерушісі