Бекмаханов Ермұхан Бекмаханұлы 1915 жылы 15 ақпан күні Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Төре ауылында дүниеге келген. Төре тұқымынан шыққан. Алты жасқа қараған шағында әкесінен айырылған. Отбасында үш ағайындының ішінде екіншісі.
1925-31 жылдары Баянауылда мектепте тәлім алады. Мектеп бітірген жылы туған ағасы Дінше қос өкпесіне салқын тигізіп, көз жұмады. Отбасын асырау міндеті Ермұханға жүктелгеннен кейін, анасы оның оқуын ары қарай жалғастыруына қарсы болған. Алайда, ол анасының қарсылығына қарамастан Семейдегі Жұмыс факультетіне оқуға түседі. Сол жылдары елімізде орын алған ашаршылықтың салдарынан Ермұхан анасы мен кішкентай қарындасынан көз жазып қалады.
1933 жылы Жұмыс факультетін бітіргеннен соң, ол ҚазПИ-дің физика-математика факультетіне түсу мақсатында Алматыға жол тартады. Бірақ бұл мақсаты орындалмай, Тамбов педагогикалық институтында жаңадан ашылған тарих факультетіне түсуге шешім қабылдайды.
Институтта оқып жүрген кезінде Ермұхан Алаштың ардақты ардагерлері Халел Досмұхамедов пен Мұхаметжан Тынышбайұлымен кездесіп, ой бөліскен. Осының нәтижесінде оның тарихқа деген қызығушылығы арта түскен.
Оның қызмет жолына келетін болсақ, 1937 жылы Ресейдегі педагогикалық институты тәмәмдаған соң, біруақытта мектепте мұғалім және Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатының жанындағы ғылыми-зерттеу институтында қызмет еткен.
1939-1940 жылдары ғылыми-зерттеу институтының директоры лауазымына дейін көтерілген. Бұл қызметпен шектеліп қана қоймай, осы кезде Қазақ педагогикалық институтының (қазіргі Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті) аспирантурасына түсіп, білімін жетілдірген. Аспирантурада ол Диқан Әбілев, Мәлік Ғабдуллин, Әли Есмағамбетов, Дүйсенбек Еркімбеков секілді белгілі тұлғалармен оқыған. Е.Бекмаханұлы қандай қиын кезеңдерді бастан кешірсе де, ғылыммен айналысуды ешқашан тоқтатпай, үнемі ғылыми ізденіс үстінде жүрген. Ұлы Отан соғысы жылдарында әртүрлі оқу орындарында тарих пәнінен дәрістер оқиды. Оның ұстаздық қызметі өмірінің соңына дейін жалғасын тапты.
Одан өзге, Е.Бекмаханұлы 1941-1942 жылдары Қазақ КСР Халық ағарту комиссариатында мектептер басқармасының бастығы, 1942-1944 жылдары Қазақ КП Орталық Комитетінің лекторы, 1943-1948 жылдары Қазақ КСР Ғылым академиясының Тарих, археология және этнография институтында аға ғылыми қызметкері, институт директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарған. 1947 жылдан бастап, өмірінің соңына дейін, яғни 1966 жылғы мамырдың алтысына дейін Қазақ мемлекеттік университетінде өзі ұйымдастырған Қазақстан тарихы кафедрасын басқарды.
Оның ғылым жолындағы алғашқы ізденістері педагогика саласымен тығыз байланысты.
Ермұхан Бекмаханұлы екі рет отбасылы болған. Алғашқы әйелі Губеева Әмина Зәріпқызынан Найля, Нурия, Нәдия есімді үш қыз сүйсе, екінші жары Бекмұхаммедова Халима Адамбекқызынан Ермұхан, Сермұхан ұлдары мен Қарлығаш есімді қыз сүйген. Барлығы да жоғары білімді, қайраткер деңгейіне дейін көтерілген мамандар. 20 жыл бірге ғұмыр кешкен екінші жары Халима Адамбекқызымен 1946 жылы Ташкентте танысқан екен.
Ғылыми ізденістері. Е.Бекмаханұлының ғылыми ізденістерінің ерекшелігі тақырыптарының әртүрлі болуында, тарихи мәселелерді кең қамтылуымен және олардың байыпты шешілуінде. Ол 1943 жылы Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясында «Қазақтардың Кенесары Қасымов бастаған бостандық күресі» атты кандидаттық диссертациясын қорғады. Академик А.М.Панкратова бастаған ірі 16 тарихшының барлығы да оң бағасын берген.
Оның «Казахстан в 20-40-е годы ХІХ веке», «Присоединение Казахстана к России», «Очерки истории Казахстана ХІХ в.» атты атақты еңбектері бар. Осылардың ішіндегі ең бастысы, тағдырын шешкен еңбегі 1947 жылы Алматыда орыс тілінде жарыққа шыққан «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты монографиясы еді.
Бұл еңбекті Кенесары Қасымұлы бастаған көтерілістің тарихын ақтау тұрғысынан жазылған деп бағалап, Ермұханның өзіне буржуазияшыл-ұлтшыл идеологияны насихаттаушы деп айып тағылды. Бұл еңбекке қатысты қарсылықтар күннен күнге артып жатты. Бірақ Ермұхан дегенінен қайтпай, қарапайым халықтың қамын ойлаған Кенесары Қасымұлының еңбегін, батырлығын көрсетуден бас тартпайды. 1951 жылы университеттегі жұмысынан қуылып, партия қатарынан шығарылды. Ол біраз уақыт Алматы облысы, Нарынқол ауданында мектепте тарих пәнінен сабақ берді, көп кешікпей Жамбыл облысы, Шу ауданындағы Новотроицк селосындағы мектепке мүғалім болып орналасты. Осы жерде 1952 жылы 5 қыркүйекте тұтқындалды.
Сотта Е.Бекмаханұлына өзінің ғылыми қызметкер жағдайын пайдаланып, өз жұмыстарында тарихи фактілерді бұрмалаған, сөйлеген сөздерінде буржуазиялық-ұлтшылдық идеологияны насихаттаған, орыс халқына қарсы күресуші Қазақстанда орта ғасырлық тәртіптерді сақтап қалуға ұмтылған хандары мен сұлтандарын мадақтаған, Кеңес үкіметіне қарсы күрескен халық жаулары – алашордашылардың шығармаларын пайдаланған, – деген үкім шығарылған. Осы айыптаулардың негізінде ол 1952 жылы 2 желтоқсан күні 25 жылға бас бостандығынан айырылып, ГУЛАГ-тың алыстағы лагерінің біріне айдалды.
Е.Бекмаханұлының тиісті органдарға арыздануының нәтижесінде, қоғам қайраткері, академик Анна Панкратованың көмегімен оның ісі қайта қаралып, 1954 жылы ақталып шықты.
Лагерден шыққаннан кейін Е.Бекмаханұлы ғылымға қайта оралды. Ұсталғанға дейін «Қазақстанның Ресейге қосылуы» деген еңбегін бастап қойған екен. Сол еңбекті аяқтау жұмысымен айналысады. Аталған еңбегі А.М.Панкратованың қолдауымен 1957 жылы «Наука» баспасынан жарыққа шыққан. Одан өзге ғылыми шығармалар мен орта мектептер үшін Қазақ КСР тарихының оқулығын жазды. Еліміз егемендікке қол жеткізгеннен кейін Е.Бекмаханұлының «XIX ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» атты басты еңбегі ақталып, орыс жөне қазақ тілдерінде «Қазақ университеті» (қазіргі «Санат») баспасынан жарыққа шықты.
Ермұхан Бекмаханұлы лагерде жатқанында қаншама қиыншылық пен азапты көрсе де, халқы үшін аянбай еңбек еткен жан. Ақталғаннан кейін еңбегінің жемісіне қарай, оның есімі халық жадында қайтадан жаңғырып, қоғамдағы беделі қайта оралды. Оған университеттегі өзі ұйымдастырған кафедрасы қайтарылып берілді. 1964 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі болып тағайындалды.
Лагерде кешкен ауыр да азапты күндері Е.Бекмаханұлының денсаулығына кері әсерін тигізді. Айдауда жүргенде өкпесіне суық тигізіп алып, онысы асқынып кеткен екен. Соның салдарынан Ермұхан 1966 жылы 6 мамырда 51 жасында дүниеден озды. Жағдайы қандай ауыр болса да абыроймен өлуді бірінші орынға қойды.
Ермұхан Бекмаханұлы – ұлттың мүддесін сақтауға тырысқан, дегенінен қайтпайтын қайсар жан, қазақтың тұңғыш тарихшы ғалымы. Оның еңбегінің ізімен тарихты жаңа қырынан зерттеу мүмкіндігі туды. Кенесары Қасымұлын танудың, зерттеудің дара жолын салды. Тарихта оның мұралары ойып тұрып орын алады.

Сагнадина А.Т. – кіші ғылыми қызметкері