Қазақстанның энергетика және тау-кен өнеркәсібі саласының қазіргі заман тарихындағы ең жарқын есімдердің бірі Дәукеев Серікбек Жүсіпбекұлының есімі.
Ол 1957 жылы 17 ақпанда Семей қаласында дүниеге келген. Серікбек Жүсіпбекұлы – геология-минералдық ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА академигі.
1972 жылы Қазақ Политехникалық институтын тәмамдаған соң, жас маман еңбек жолын далалық геофизикалық партиясында инженер-геофизик қызметінен бастаған. 1983 жылдан бастап Алматы геофизикалық экспедициясының бас инженері болып қызмет етті. КСРО Геология министрлігіне қарасты өнеркәсіп өндірісін ұйымдастырушылар факультетін аяқтағаннан кейін 1986 жылы ақпан айында Серікбек Жүсіпбекұлы Алматы геофизикалық экспедициясын басқарды.
Геофизикалық жұмыстар өндірісі технологиясын, электрлік есептеуіш машинасында (ЭЕМ) материалдарды өңдеу әдістемесі мен оны геологиялық түсіндіруді жетілдіре түскен инженер-новатор өзін білікті ұйымдастырушы, адамдармен жұмыс істеуге икемділігі бар іскер басшы ретінде танытты. Серікбек Жүсіпбекұлы бұл экспедицияда жұмыс істеген кезде ең алғаш рет КСРО-да геофизикалық жұмыстарды жүргізу кезінде экологиялық таза вибрациялық сейсмикалық кешендер өндіріске енгізілді. Сонымен қатар басқарушылық және геофизикалық технологиялар ауқымды компьютерлік жүйесімен қамтамасыз етілді.
Дәукеев Серікбек Жүсіпбекұлы Оңтүстік Қазақстандағы «Амангелді» газ кен орнын алғаш ашушылардың бірі болып табылады.
80-жылдарда Серікбек Жүсіпбекұлының қызметі өндірісті ұйымдастырудың жаңа жолдарын, инновациялық технологияларды белсенді түрде іздеумен сипатталады. Оның көптеген шетелдік геофизикалық компаниялармен байланыс орнатып, олардың жұмыс істеу жүйесімен танысуының нәтижесінде социалистік экономика үшін өндірісті басқару мен еңбек ақы төлеудің мүлде жаңа әдісін сынап, енгізуге мүмкіндік туды. Осы саладағы қол жеткізген жетістіктері үшін Дәукеев Серікбек Жүсіпбекұлы Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің күміс медалінің иегері атанды.
Қазақстанның тәуелсіздік алуы мемлекет басшыларынан экономиканың барлық саласында, сонымен қатар жер қойнауын пайдалануда да нарықтық қатынастарға көшу міндетін шешуді талап етті.
1992 жылы Серікбек Жүсіпбекұлының өмірі мен қызметінде жаңа кезең басталды деп айтуға болады. Геология министрінің бірінші орынбасары, одан кейін 1993 жылы Геология министрі, үкіметті қайта құрудан кейін Табиғи ресурстар және қоршаған ортаны қорғау министрі болып тағайындалып, Қазақстанның жер қойнауын пайдаланудың барлық жүйесін реформалау бойынша республика үкіметінің жұмысын басқарды.
Осы жауапты кезеңде Дәукеев Серікбек Жүсіпбекұлы Қазақстанның егемендігінің қалыптасуына белсенді үлес қосты. 1994 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен жер қойнауын пайдалану саласында нарықтық экономикаға көшудің авторлық концепциясын әзірледі. Дәукеев Серікбек Жүсіпбекұлы жер қойнауын пайдалану бойынша Қазақстан Республикасының заңнамалық және нормативтік актілерін дайындау жұмыстарына үлкен үлес қосты, Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы заң мен Мұнай туралы заңды әзірлеуге белсене араласты. Республиканың минералдық-шикізат базасының жағдайын және нарықтық экономикаға өтудегі реформа механизмдерін дайындауды талдаудың негізінде 1996 жылы Серікбек Жүсіпбекұлы докторлық диссертациясын қорғап шықты.
Дәукеев Серікбек Жүсіпбекұлының ғалым әрі мұнай және тау-кен геологиясы саласының ұйымдастырушысы ретінде халықаралық танымалдылығы қоршаған ортаны қорғау мәселесін мемелекеттік деңгейде шешуге мүмкіндік туғызды. Бұл өзекті мәселені, яғни экология мәселесін мемлекеттік бағдарламалардың басым бағыты ретінде қарастырды.
Оның өндіріс саласындағы еңбегі мен басшы ретіндегі мол тәжірибесі Атырау облысының әкімі қызметінің жемісті болуын қамтамасыз етті. Серікбек Жүсіпбекұлының басшылығымен іске асқан ауқымды құрылыс жұмыстары Атырау қаласының бейнесіне қазіргі заманға сай сипат пен жайлылық енгізіп, оған жаңа тыныс берді.
2002 жылы Дәукеев Серікбек Жүсіпбекұлы ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті болып тағайындалды, сонымен қатар Қ.И.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтын басқарды. Серікбек Жүсіпбекұлы 130-дан аса ғылыми еңбектердің, оның ішінде 4 монографияның авторы, Қ.И.Сәтбаев атындағы беделді марапаттың лауреаты.
Қоғам және мемлекет өміріне сіңірген еңбегі, Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесі үшін Дәукеев Серікбек Жүсіпбекұлы «Құрмет» ұлттық орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Астана» медальдарымен, «Алтын Барыс» арнайы алтын белгісімен, «Жер қойнауын барлаудың үздігі» төсбелгісімен марапатталған; оған «Пайдалы қазбалардың кен орнын алғаш ашушы», «Құрметті жер қойнауын барлаушы» атағы берілген.

Даулбаева Айнұр – ғылыми қызметкер