Ғылыми кітапхананың сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиеттер бөлімінің «Ғасырлар қойнауынан» атты көрмесінде, Құрбанғали Халидовтың «Тауарих-у хамса шарқий» кітабы мен «Шәуешектік имам Құрбанғали қари Халиди» қолжазбасы өз құндылығымен төрге қойылады. 

Қазақ этнографтарының бірі — Құрбанғали Халиди  1846 жылы Аягөз қаласында дүниеге келген. Қазақ халқының тарихын, әдет-ғұрпын, ауыз әдебиеті мен мәдениетін зерттеуші. Құрбанғали жас кезінде Абдулхақ деген кісінің медресесінде оқып, тарих, география пәндерінен дәріс алған. Тарбағатай жотасының етегіне жайғасқан Шәуешек қаласына қоныс аударған соң өзі де медресе ашып, татар, араб тілдерінде дәріс берген. Осы Шәуешек жерінде өмірінің соңына дейін (1913 ж.) тарихты, әдет-ғұрып пен мәдениетті  зерттеумен «Тарихи жарида-и жадида», «Тауарих хамса шарқий» кітаптарын жазды. Бірінші кітап Турфан қаласындағы ұйғырлардың өмірі туралы жазылса, шығыстың бес елінің тарихы 1910 жылы Қазан қаласында басылып шыққан «Тауарих хамса шарқий» кітабында жазылған. Осы кітаптың мазмұнына тоқталсақ, кітапта қазақтар, қытайлар, өзбектер, ұйғырлар, моңғолдар, тағыда басқа халықтар туралы жазылған. Бұл кітапты — араб, парсы, түркі, қытай қолжазбаларына сүйене отырып, түркі халықтарының тарихын жазуды көздеген. Әсіресе, «қазақ» сөзінің шығуы мен қазақ жерін мекендеген рулардың шығу тарихы жазылған. Осы деректерді құнды десек, артық бола қоймас. Басым бөлігі қазақ халқының тарихы, этнографиясы, мәдениеті мен әдебиетіне арналған.   Қазақтың көне тарихынан бастап, патшалық Ресейдің отарлау кезеңіне шолу жасап, еліміздің шығыс-оңтүстік өңір қазақтары мен шекарасының арғы бетінде орналасқан Шәуешек қазақтарының өмір-тарихын,  жазған.

Құрбанғали Халиди бұл еңбегін, әртүрлі ғылыми еңбектерге сүйеніп, пайдаланғанын көреміз. Оның ішінде: Ибн-Халдун (XIV ғ.), Әбілғазы (XVII ғ.), Мирхонд (XV), Жүсіп Баласағұн (ХІ ғ.), оның аты аңызға айналған «Құдатғу білік» еңбегі  туралы, кітаптың атына ие болған осы есімнің мағынасы туралы 677 б. – 683 б., жазылған. Басқа да шығыс ғалымдарының еңбектеріне сүйене отырып, көп ізденіп бес елдің тарихын жазған. «Тауарих хамса шарқий» -өмір шежіресі және тарих.  Сирек кітаптар қорында (6302 вост.) шифрымен сақтаулы. Кітаптың титул беті араб каллиграфиясымен жазылған. Автордың аты-жөні насх, кітаптың аты сульс және шыққан жері настағлиқ жазуларымен жазылған. Кітап өңдеуден өтіп, оқырманның оқып-зерттеуіне толық дайын.

Қолжазба қорындағы 1439 папкада «Шәуешектік имам Құрбанғали қари Халидов» архивінен төрт қойың қолжазба дәптері сақтаулы. Дәптерлер 1880 жылдан бастап 1913 жылға дейін жазылған. Имамның бұл құнды қолжазбаларын 1955 жылы Юсупов Мұхамеджан өткізген.

№1 дәптерде — қазақ тарихы мен этнографиясы және өзбек (Ферғана хандары) тарихына қатысты 248 парақтан тұратын қолжазба.

№2 дәптерде –  Алты шаһар  (Шығыс Түркістан) тарихына қатысты 201 параққа жазылған дәптер.

№3 дәптерде – тарих, этнография және басқалар туралы 354 парақты қолжазба.

№4 дәптерде – «Тарихи жарида-и жадида» (Жаңа тарих) және моңғол-қалмақ тарихына қатысты 128 парақты дәптер.

Осы дәптерлердің ішінде әсем қаламыз Алматы туралы да мағлұмат бар екен. Қаламыз жайлы №2 дәптерде Алты шаһар (Шығыс Түркістан) тарихына, этнография және басқаларға қатысты жазған. Осы қолжазбаның 68 бетінде «Алматы қалғасы (қамалы)» туралы жазған:

Қапалдан үш жүз алпыс шақырым келетін Түркістан тарапта (жағында)  Алматы қалғасы (қамалы) салынып қазақтың Ұлы жүзі және қырғыздан бір қанша ел оған қарады. Орыстар жаулаудан бұрын бұл жерде бұрынғы Шымкент хакімі Рахметолла деген сардардың орыстармен соғысқаны жайлы аңыздар тараған.  «Алматы» сөзі кейбіреулердің айтуына қарағанда «Алмалы тау» деген сөз екен. Ал, кейбіреулер «Алматы» сөзі бұрынғы замандағы тайпалар ішіндегі атақты бір адамның аты болып соның жерленген орнының да аты болып қалған болар деседі.

Бұл шаһар Сібір мен Түркістанның сауда орталығы болып тез дамып, аз жылдар ішінде гүлденген қалаға айналды. Алайда Һижраның 1304 жылы Рамазан айында зілзала салдарынан күйреп қалса да қала тұрғындары оны қайта қалпына келтірді. Қазір мұсылмандар оны әлі де «Алматы» деп атағанымен, әкімшілік мекемелерінде «Верный» деп жазылады…

Бұл өлке Маураннахыр жерлері сияқты миуасы мол, суы тұнық, ауасы ашық – хош иісті болғандықтан орыстар «Туркестанский край, Сибирский рай», яғни «Түркістанның шеті, Сібірдің жәннаты» деп тамсана мадақтайды.

Имамның жазған осы жолдарын арабтанушы ғалым Мақсұт Шафиғи түпнұсқадан еркін аударған.

Қазақтың шежіресін зерттеймін, жалғастырамын дейтін оқырмандарға сирек кітаптар және қолжазба қорындағы құнды құжаттар жетерлік. Ғылыми құжаттарға сүйене отырып, өз тарихымызды, шежіремізді ұмытпай, ата-бабадан қалған мирасты жалғастырайық.

Ғылыми кітапхананың сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбаларды

зерттеу секторының бас кітапханашысы

Мәлімова Ақайша Емшібекқызы